«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРКЕНДЕУ ҚАЙНАРЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық салтанатында: “Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар”, – деген болатын. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық саясатты дамытудың негізгі құралы болып саналады. Ширек ғасырлық тарихы бар Тәуелсіз еліміздегі бейбітшілік пен келісімді, татулықты нығайтуда оның маңызы ерекше. “Бірлік болмай, тірлік болмас” демекші, тәуелсіз еліміздің ынтымақ-бірлігін дамытуға мемлекеттік тілдің де өзіндік үлесі зор.

“Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” Заңына, тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес облыста қазақ және басқа да тілдерді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Облыста өзге этнос өкілдерінің 542 баласы ана тілдерін үйренуде. Тұрғындарының 22 пайызын поляк этносының өкілдері құрайтын Тайынша ауданының 8 мектебінде 335 оқушы поляк тілін оқиды. Петропавл қаласының №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің тоғыз ұлттық бөлімінде 207-ден астам тыңдаушы ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін оқып-үйренуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай былтыр наурыз айында облыс басшыларымен мемлекеттiк тiлдi меңгерген өзге этнос жастары арасында “Тіл – татулық тірегі” тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Өткен жылы қыркүйек айында өткен дәстүрлі Қазақстан халқы тiлдерiнiң XVII облыстық фестивалi Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Фестиваль аясында мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға бағытталған 400-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Оған түрлі этнос өкілдері қатысты.

Жуырда Ресей Федерациясының Омбы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған “Онлайн режімі арқылы мемлекеттік тілді оқытудың тиімді жолдары” атты семинар өтті. Шара Омбы қаласындағы Қазақстан өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Осындай семинар былтыр Қорған қаласында қазақ ұлттық-мәдени бірлестіктері үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай өткізіліп, 60-тан астам жаңа оқу құралдары сыйға берілген болатын.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған “Тілдердің үштұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыру аясында “Бала тілі – бал” атты өңірлік байқау өткізуді жоспарлап отыр. Оның мақсаты отбасындағы құндылықтар мен рухани-адамгершілік тәрбие беру арқылы балаларды қазақ тілін, туған жерін құрметтеуге үйрету және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданылу аясын кеңейту болып табылады. Онда биыл алты мектепке дейінгі білім мен тәрбие мекемесі бақ сынамақ.

Бірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрғанда ғана ілкімді істер атқарылады. Біздің елімізде қалыптасқан этностар тұтастығы мен халық достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Нұрлан ЖАМАНТАЕВ,

облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма

басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp