Тәуелсіз Қазақстан – бүгінгі таңда өзінің даму жолы мен ұстанымы бар табысты мемлекет. Елбасының сындарлы ішкі және сыртқы саясатының арқасында осы заманға сай әлеуметтік бағдарланған экономикасы бар қарқынды дамыған мемлекет ретінде орнықтық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдаулары қол жеткізген жетістіктерге талдау жасауға, алдағы міндеттерге жоспар құруға, ең бастысы баршамызға ортақ мүдделерді бағындыру жолын бірге таңдауға бағытталған. Ол мемлекетіміздің табыстылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуді, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды көздейді.
Тимирязев ауданының әлеуметтік-экономикалық даму жолы да Елбасы Жолдауларында алға қойылған міндеттерге сай жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асырудың арқасында ауданның агро-өнеркәсіптік кешені тиімді дамуда. Соңғы жылдары егіншілік және мал шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдарының ірілендірілуі ауданның дамуы мен жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуына оң әсерін тигізді. Ауданымызда “Атамекен-Агро-Тимирязево”, “Есей-Агро”, “Мичуринский”, “Москворецкое”, “Сағат СК” сияқты ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бар.
Егіншілікте дәнді дақылдарды өсіру басым бағытқа ие. Оның алқабы 79,5 пайызды құрайды. Егістік құрылымын әртараптандыру мақсатында бидай алқабын азайту есебінен майлы, жемазық және басқа да дақылдар көлемі ұлғайтылды. Астық өсіруге 352 шаруашылық мамандандырылған, оның 21-і – жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Бүгінгі таңда аудан бойынша егіс алқабы 255,9 мың гектарға тең.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 2015 жылғы жалпы көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Облыс өндіретін астықтың 4,4 пайызы біздің ауданның үлесінде. Сондай-ақ, аудан 7,6 пайыз майлы дақыл, 2,9 картоп, 4,2 көкөніс, 3,5 ет, 3 сүт және 1,7 пайыз жұмыртқа өндіреді.
Жыл сайын ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынатын инвестиция артып келеді. Соңғы бес жылда оның көлемі 9703,2 млн. теңгеге жетті. 2016 жылы 1319,5 млн. теңгені құрады, соның ішінде 861,5 млн. теңгеге 34 техника лизингке алынды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында өнімдерді сақтайтын жалпы сыйымдылығы 293,3 мың тонналық төрт элеватор бар. Ауыл шаруашылығының даму қарқынын арттыру мақсатында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары басшылары заманауи техникалар алуға баса назар аударып отыр. Соңғы бес жыл ішінде аудан ауыл шаруашылығы паркі 459 техника бірлігімен толықты.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша “Атамекен-Агро-Тимирязево”, “Мичуринский”, “Сағат СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүк көліктері мен егіс кешендерін сатып алды. Олар кеуек блоктар, темір-бетонды құрылыс материалдарын шығарумен де айналысады.
Мал шаруашылығы – агроөнеркәсіп кешенінің маңызды саласы. “Сыбаға” (618 ірі қара), “Құлан” (237 жылқы), “Алтын асық” (1005 қой) бағдарламалары бойынша малдар алынды. Сонымен қатар “Ырыс” бағдарламасымен 60 сүтті сиыр алынып, тауарлы-сүт фермасы құрылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша жартылай дайын өнім шығаратын екі жоба (А.Степаненко, Д.Нұрахметов) іске қосылды. Жылыжай кешені құрылысының жүргізілуі (Н.Усенко) жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы облыстың 2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына “Сағат СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің “Астықты тазалау және кептіруге арналған “Кимбрия” қосымша қондырғысын орнату арқылы астық сақтауды жаңғырту” жөніндегі инвестициялық жобасы енгізілді. Оның тәуліктік қуаты – 60 тонна. “КЭСС” ЖШС-нің диірмен кешені де танымал шағын және орта бизнес кәсіпорындарының бірі ретінде аудан экономикасына өз үлесін қосуда. Оның сапалы ұны Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей елдеріне жөнелтіледі. Өндірістік және технологиялық қондырғылармен жарақтандырылған кәсіпорын барлық бағытта өнім шығару қуатын арттырды. Бұл компания да Индустрияландыру картасына енгізілген.
Бүгінгі таңда өз ісін ашуға немесе кеңейтуге ниетті жандарға мемлекет тарапынан нақты қолдау жасалуда. Нақты мысал ретінде 12 адамның республикалық бюджеттен берілген жеңілдетілген шағын несиеге қол жеткізгенін айтуға болады.
“Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында елді мекендерде тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілуде. Аудандағы жергілікті және облыстық маңыздағы тасжолдарды жөндеу мен ұстауға облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жолдар қалпына келтірілуде.
Еліміздің одан әрі өркендеуі ұлттың рухани-адамгершілік, патриоттық, зияткерлік, мәдени ахуалымен қатар саламатты өмір салтын ұстануларына да байланысты. Бұл ретте Жарқын ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің маңызы зор. Биылғы жылы ауданымызда ұлттық спорт түрінен ХХ облыстық спартакиада өтті. Аудан орталығын абаттандыру қарқынды жүргізілуде. Ауылдықтар уақытпен бірге тыныстап, өркениетке ұмтылуда. Мемлекеттік мекемелермен қатар тұрғындар да кеңжолақты интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне ие.
Биыл еліміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеді. Халық бірлігін нығайтып, қазақстандықтарды “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асыруға жұмылдырып, еліміздің озық отыздыққа енуі жолында одан әрі де күш-жігерімізді аямай жұмсайтын боламыз.
Еркін БАЗАРХАНОВ,
Тимирязев ауданының әкімі.