Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында басты мақсаттар мен міндеттер айқындалған. Еліміз өзінің ширек ғасырлық даму кезеңінен абыроймен өтті, табыстарымыз бен жетістіктеріміз жоғары бағаға ие болды.
2017 жылдың басынан бастап біздің мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды, еліміздің астанасында “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне жан-жақты дайындық шаралары жүргізілуде. Әлемдік деңгейдегі осындай ауқымды істерді ТМД және Орталық Азия мемлекеттері арасынан бірінші болып өткізуге барлық өнерімізді, күш-жігерімізді, мүмкіндіктерімізді аянбай жұмылдырудамыз. Осының барлығы Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында, оның ерекше көрегендігі мен болжампаздығын, халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын, саясатымыздың дұрыстығын көрсетіп отыр.
Қазақ елінің 2050 жылға қарай әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына кіруі – бұл стратегиялық мақсат. Осы мақсатқа қарай табандылықпен жету жолында қиындықтарды дер кезінде болжап та, жеңіп те келеміз.
“Нұрлы жол” экономикалық саясатының және “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының нәтижесінде жаһандық трансформацияның алғашқы қиын кезеңінен сәтті өтудеміз. Өткен 2016 жылы экономикалық маңызды көрсеткіш – ішкі жалпы өнімнің өсімі 1 пайызға қамтамасыз етілді. Бұған қазіргі нарықтағы шикізат және басқа да бағалардың күрделі жағдайлары айтарлықтай әсер етті. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оған біз дайын болуға тиіспіз.
Әлемде кезекті, төртінші өнеркәсіптік революция басталып та кетті. Экономиканы жаппай цифрландыру үдерісі жаңа саланың пайда болуына алып келейін деп тұр. Көз алдымыздағы болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі халқымызға берілген мүмкіндік.
Бүгіндері Қазақ мемлекетіне үшінші жаңғыру жөнінде міндеттер қойылып отыр. Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа үлгісін құру қажет болып тұр.
Қазіргі кезде көптеген елдер осындай кезекті міндеттерді орындауға кірісіп те кетті. Өсімнің жаңа үлгісіне көшу тәсілі әртүрлі. Біз өзіміздің тәжірибе көрсеткен тұстарымызды ұтымды пайдаланып, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында бірге қалыптастырған жетістіктерімізді сақтауымыз керек.
Қазақ елінің Бірінші жаңғыруы Кеңес одағының таратылып, өз даму жолымызды таңдап, әлем картасында болмаған жаңа егемен мемлекет құру сәтіне тура келді.
Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу ешқандай мемлекеттің көмегінсіз жүзеге асырылды. Осы кезең ішінде еліміз аз шығын шығарып, айтарлықтай зор жетістіктерге қол жеткізді.
Екінші жаңғыру “Қазақстан – 2030” Стратегиясын қабылдауымен және жаңа елорда – Астананың салынуымен басталды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтар тізімінен шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылды.
Сәтті өткен екі жаңғыру кезеңі арқылы баға жетпес құнды тәжірибе жинақтап, батыл қадам жасап, енді үшінші жаңғыруды бастауға кірісіп те кеттік.
Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлер мен жай ғана күрес жоспары емес, болашаққа “Қазақстан – 2050” Стратегиясы мақсаттарына бастап апаратын сенімді көпір болмақ. Ол “100 нақты қадам” Ұлт жоспары негізінде өткізіледі.
Президентіміз өзінің бес негізгі басымдығын атап көрсетіп отыр. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге бағытталған.
Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тырысып, осы маңызды міндетті кешенді орындау ауадай қажет болып отыр.
Елде 3Д-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да келешегі зор салаларды дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселелер. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларды жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етуде.
Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты интернетке жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді.
Екінші кешенді міндетті орындау барысында жаңа индустрияны құрумен қатар базалық салаларды дамытуға серпін беретін өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа да салалар үнемі назарда болуы қажет. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру маңызды.
Жолдауда атап көрсетілгендей, аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналып, астық өнімдері бойынша еліміз Еуразияда “нан кәрзеңкесі” болуы керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті бола аламыз. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды басымдықтардың қатарына жатады.
Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып, отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуда.
Үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту. Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Жаңа индустрия құрып дамытуға, жұмыспен қосымша қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің мүмкіндігі болуы керек.
Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Стратегиялық мақсаттарымыздың қатарында елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Бұл өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады.
Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық тексеру мен оңтайландыру қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақты және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен ұжымдық басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек, осыларды орындау заңнамаларды дұрыстауды қажет етеді.
Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық. Мұндағы басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін дұрыстап, қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту жолының тиімділігін жан-жақты ойластыру.
Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу тәртібін дамыту жөнінде маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізу керек.
Ұлттық банк инфляцияға ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты, яғни оған көбірек құқық берілу керек. Қаржы секторын қайта жаңғырту, қор нарығын одан әрі дамыту қажет. Жекешелендіру оның дамуына оң серпін беруі тиіс. Президент Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп отандық қор нарығын жандандыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруды жүктеді.
Келесі шешуші міндет – салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу. Мұндағы мақсат бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру болып табылады. Фискалдық орталықсыздандыру саясаты одан әрі жалғастырылмақ. Өткен жылдарда орталықтан жергілікті жерлерге көптеген атқарымдар мен өкілділіктер берілсе, енді олардың жеткілікті қаржылық дербестігін бекемдей түсу қажет.
Екіншісі – ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қарау керек. Салық саясатын бизнестің “көлеңкеден” шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек, қазіргі салық жеңілдіктерін де оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық тәртібі жаңаша қарастырылмақ. Салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді қажет етеді.
Үшіншісі – Үкімет квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастыруы және онда дұрыс тәртіп орнатуы керек.
Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Мұнда, ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Негізгі міндет – білім беруді экономикалық өсудің жаңа үлгісінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз еркімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасында білім беру сапасының алшақтығын азайту көзделген.
Кезең-кезеңмен үш тілде оқуға көшу мәселесі – алдағы уақыттың еншісінде. Сонда да қазақ тілінің басымдығы сақталады. Ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі.
2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту жоспарланған. Бұл мәселе тиянақты бақылап, ақылмен тиімді шешілуі тиісті. Президент бастамасына сәйкес биыл “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесі экономикадағы жаңа өндірістер үшін қажет мамандарға арналған.
Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сай жаңартылады.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымды медициналық қызметтер ұсынылады. Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүктелген.
Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын әділдікті есте ұстап, нағыз, дұрыс құндылығымен қарастырса жұрттың бәрінің көңілінен шығып, ризашылық орнаған болар еді.
Бесінші басымдық – институттық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге арналған.
Біріншіден, Үкімет үшінші жаңғыру аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.
Екіншіден, жекеменшікті қорғауға, құқық үстемдігіне және көпшіліктің заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жүйелі түрде жүргізудеміз. Бұл жұмысты әлі де жалғастыру керек.
Үкіметке “Атамекен” ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама тексеруін жүргізуді Президент арнайы тапсырған.
Президентіміздің мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі маңызды шешім болып отыр. Қазіргі экономикалық дамудың тұрақсыздығы, іргелі елдер арасындағы неше түрлі санкциялар мен дағдарыстар елдің, мемлекетіміздің тұрақты жұмыс жасауына өзінің теріс әсерін тигізуі сөзсіз. Елбасы елдің билік тармақтарының жауапкершілігін арттырып, өркениеттілікке апаратын бірден-бір дұрыс жолды айқындап отыр.
Алтай ҚОЖАХМЕТ,
СҚМУ профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты.