Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақаласы ақиқаты мен ақтаңдағы көп отандық тарихқа қатысты жаңа танымның, құндылықтардың көкжиегін ашып беріп отыр. Оны оқыған “мен қазақпын” дейтін кез келген саналы азаматтың көкірегін бір қуаныш кернегені шындық. Қасиетті даламыздың інжу-маржанындай болған жеті ғаламатымызды насихаттау – дер кезінде қолға алынып отырған игі іс.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге назар аудару қажеттігін айтты.
Иә, өткенге көз салсақ, Ұлы дала тарихының көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын аңғарамыз. Сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі екені бұлтартпас шындық. Тарихты тек адамзат қоғамының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым ретінде қарастырып, нақты фактілерге сүйене отырып, сол тұрғыда басқа халықтардың мүддесіне нұқсан келтірмей қалыптастырған жағдайда біз өзіміздің өркениеттілігімізді әлемдік қауымдастыққа көрсете білеміз. Тарих ғылымының мақсаты – халыққа өткенін жеткізе отырып, рухани дүниесі мен құндылықтар жүйесін қалыптастыру екенін ескерсек, “тарихсыз ұлт жоқ” деген нақыл сөздің растығын түсінеміз. Оны зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады, рухани жаңғыру үдерістері жетілдіріле түседі, келешекке дұрыс бағыт-бағдар алуға мүмкіндіктер пайда болады.
Елбасы мақаласында атап көрсетілген жеті қырымыз шын мәнінде, қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген біздің ата-бабаларымыздың материалдық және рухани дүниелерді жасап, оны әлемдік тарих пен игіліктер қоржынына салғанын көрсету фактілері. Елбасының аталмыш мақаласы қазақ елінің тарихын ұлықтау ғана емес, ол Еуразия кеңістігін мекендеген түркі тайпаларының әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсетіп, тарихи сананы жаңғырту. Мақала шеңберінде қолға алынған жобалар тарих ғылымының, тарихи-археологиялық зерттеулердің, мұражай ісінің, фольклорлық-этнографиялық бағыттың, киноиндустрия, музыка саласының дамуына үлкен серпіліс берері сөзсіз.
Мақаланың “Атқа міну мәдениеті” деп аталатын бірінші бөлімінде Айыртау ауданының аумағында орналасқан “Ботай” қонысында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені дәлелденіп, осы арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғандығы, атқа міну мәдениетінің негізі біздің жерімізде қаланғаны жайлы егжей-тегжейлі айтылған. “Бес қаруын асынған салт атты сарбаз, айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі “мәдени кодының” айрықша элементі. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі”, – деп атап көрсетті Елбасымыз.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Ботай мәдениетін зерттеу батыл қолға алына бастады. Шетелдік ғалымдарды Ботайдың біздің заманымыздан төрт-бес мың жыл бұрынғы тарихи дәуірдің мәдени мұрасы болып табылатыны өте қызықтырды. Америкалық оқымысты Д.Энтонидің “қазіргі заманның ғалымдары әлемдік тарихтың көптеген сауалдарына жауапты Ботайдан табады” деген салиқалы пікірі кері тартушыларға тоқтау салды. Кембридж университетінің профессоры М.Левина бастаған ғалымдар ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды. “Би-Би-Си” телекомпаниясы ерте дәуір адамдарының өмірі, олардың тыныс-тіршілігінің бөлінбес бір бөлігіне айналған жылқы жайлы телехабарлар түсірді. В.Зайберт Корольдік ғылым академиясының шақыруымен Лондонға барып, Белфаст, Оксфорд, Эдинбург секілді беделді университеттерде дала өркениеттері жайында дәріс оқыды. Кембридж археологиялық мұражайында Ботай мәдениеті туралы көрме ұйымдастырылып, әлемдік археологияның үздігі деп танылды.
Біздің заманымызға дейінгі 53 ғасыр бұрынғы тарихи дәуірдің асыл мұрасын әлемге паш ету бағытында осы уақытқа дейін көптеген жұмыстар атқарылды: 150-ден астам үйдің орны аршылып, қалпына келтірілді, археологиялық зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Алдағы жылдары ашық аспан астындағы мұражай құру Үкіметтің бағдарламасына енгізілгенін, оның төңірегінде қолға алынған кешенді шаралар ұлт тарихының дамуына зор серпін беретінін мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде Қазақстан археологиясының қалыптасуына түрткі болған Ботай қонысын әлемге көрсету арқылы, дүниежүзі халқының қазақ тарихына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында облыстық әкімдік мамандары мен музей бірлесіп жұмыс атқаруда. Оларды жүзеге асыруға 2 млрд. теңге қаражат бөлінбек. Шетелдіктерді де ерекше қызықтырып отырған өркениеттің ежелгі мекені ашық аспан астындағы музейге тезірек айналса, халқымыздың адамзат дамуына қосқан үлесі айшықтала түсер еді.
Тағы бір сүйіншілей айтатын жағымды жаңалық, әлемге әйгілі Ботай қонысы орналасқан Никольское ауылына, Айғаным қонысына және Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музей орналасқан Сырымбет ауылына баратын жолдың алдағы жылдары жөнделетіні белгілі болып отыр. Бұл руханиятымыздың тамыры саналған мәдени орындардың әлемдік кеңістікте орнының даралана түсуіне, сондай-ақ, отандық және шетелдік туристер санының еселенуіне де мүмкіндік бермек.
Бағдарламалық мақаланың түгел түркі және Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары сөзсіз.
Уәлихан ҚҰЛБАЕВ,
“Ботай” тарихи-мәдени музей-қорығының директоры.
Айыртау ауданы.