«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛДЕР ТӘЖІРИБЕСІ

Азаматтардың митингке шығуы, наразылық білдіруі, жиналыс өткізуі, шеруге қатысуы азаматтық қоғамның маңызды тетігі болып табылады. Осылайша, халық түрлі мәселелерге қатысты өздерінің көзқарастарын білдіре алады. Бұл – әлемде қалыптасқан тәжірибе.

Еліміздің Конституциясының 32-бабында: “Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін”, – деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Осы бап жақында Парламент Мәжілісі мақұлдаған “Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” Заңның негізіне айналды.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында республика көлемінде аталған заң жобасы талқыланып, наурызда Мәжіліс депутаттары өңірлерге шығып, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Біздің өңірге Мәжіліс депутаты Павел Казанцев келді. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен онлайн үлгіде өткен заң жобасын талқылауға атсалыстық. Оған жауапты министрліктердің басшылары, заң ғылымдарының докторлары, белгілі қоғам қайраткерлері, республикалық қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері қатысқанын айта кеткен жөн. Бірнеше сағатқа созылған талқылау барысында заңның әр бабы зерделеніп, сарапшылар сан алуан пікір білдірді.
Бұл талқылауда өңірлердегі қоғам өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Мысалы, біздің өңірге осы мақсатпен келген халық қалаулысы Павел Казанцев бірнеше ұсынысты жазып алды. Бүгінгі таңда сол кезде айтылған ұсыныстарымыздың назарға алынғанына қуанып отырмыз. Аталған заң жобасының 1 және 7-баптарына қатысты айтқан ойларымыз қолдауға ие болып, енгізілген өзгерістермен екінші оқылымда қабылданды.
Аталған заң жобасының көптің талқысына түсуі, Парламент ғалымдар мен қоғам өкілдерінің айтқан толықтырулары мен өзгерістерін ескеріп, оны енгізуі либералды жұмыс үлгісінің қалыптаса бастағанын аңғартады. Мәселен, заңның 10-бабының 1-тарауына сәйкес ұйымдастырушы пикеттеу, жиналыс, митинг түрінде бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны жергілікті атқарушы органға өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз немесе электронды-цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электронды құжат үлгісінде береді. Бұл өте тиімді. Себебі, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жауапты органдардың бейбіт шеру өткізуге қатысты қандай да бір жауабын күту екі айға дейін уақытты алады екен. Себебі, тәртіп бойынша белгілі бір құжаттарды жинап, көптеген ұйымдардан рұқсат алу керек.
13-баптың 1-тарауына сүйенсек, жергілікті атқарушы орган өтінішті қарап, ол тіркелген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде бейбіт шеруді ұйымдастырушыға өз шешімін хабарлайды. Жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыс өткізу жөніндегі шешімін қолма-қол, табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта арқылы, электронды-цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электронды құжат түрінде ұйымдастырушы көрсеткен электронды поштаның мекенжайы және бейбіт жиналысты ұйымдастырушы көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды. Осы бапта көрсетілгендей, жергілікті атқарушы орган өз шешімін бейбіт шеруді ұйымдастырушы көрсеткен ұялы телефон нөмірі арқылы да хабарлай алуы жергілікті атқарушы органның жылдам кері байланыс жасауына мүмкіндік береді. Алайда, 10-шы және 13-баптарда мерзім жағынан аздаған сәйкессіздіктер бар екені жасырын емес. Заң жобасы Сенатта қаралатындықтан, әлі де өзгерістер енгізілуі мүмкін деп болжап отырмыз.
“Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” Заң түпкілікті қабылданғаннан кейін азаматтардың өздерін толғандырған мәселелер бойынша көзқарасын айтуына ерік беретін, өркениетті құқықтық мәдениетті қалыптастыратын заңнама болады деген сенімім зор.

Гүлбақша МҰСАБАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің құқықтық пәндер кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp