“Рухани жаңғыру” жобалау кеңсесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметшілері, зиялы қауым өкілдері мен тарихшы ғалымдар қатысқан жиында көшпенділер мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы айтылды.
Президент мақаласының алғашқы тарауы “Атқа міну мәдениеті” деп аталып, жылқының алғаш қолға үйретілген жері – Айыртау ауданындағы Ботай қонысына арналған. “Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты”, – деген сөздер өркениет көшінің бір тармағы қазақ жерінен бастау алғанын көрсетеді. Ежелгі грек аңыздарындағы денесі жылқы, басы адам ретінде бейнелетін “кентаврлар” да осы ат үстіндегі көшпенділер екені анық. Әлем мойындаған Ботай қонысы, оның тарихы туралы кітаптар, балаларға арналған әдебиеттер аз екенін айтқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бұл олқылықты толтыру қажеттігін жеткізді.
1967 жылдан бастап облыс аумағындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысып келе жатқан тарих ғылымдарының кандидаты Анатолий Плешаков әлемде теңдесі жоқ Ботай өркениетін аспан астындағы мұражайға айналдырудың маңызына тоқталды. Бүгінде еліміздегі тарихы ерте ғасырлардан бастау алатын Сарайшық, Бозоқ және Ботай қазба орындарында мұражайлар ашу бойынша жоба қолға алынған.
“Дөңгелек үстел” отырысында жаз уақытында оқушылар мен студенттерді археологиялық қазбаларға қатыстыру, Елбасы мақаласын түсіндіру үшін “Рухани керуен” ұйымдастыру, Қызылжар өңірінің тарихы туралы көркем фильм түсіру және тағы да басқа ұсыныстар айтылды.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.