Қазақстан мүгедектерді қорғаудың Дүниежүзілік конвенциясын ТМД мемлекеттері арасында алғашқылардың бірі болып ратификациялағанын сүйінішпен айтуға болады. Соған орай халықаралық қауымдастық белгілеп, бекіткен мүгедектерге арналған іс-шаралар біздің елімізде кеңінен атап өтіледі. Соның бірі – БҰҰ шешімімен қыркүйек айының соңғы жексенбісіне белгіленген Халықаралық саңыраулар күні.
Әлемдегі есту қабілетінің кемістігі бар адамдардың саны 650 миллионнан асып, жер шарының көптеген елдеріндегі 132 ұжымы Дүниежүзілік саңыраулар федерациясына бірігіп, БҰҰ мен ЮНЕСКО, басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып отыр.
Бір айта кетерлік жайт: күні кеше өркениет өздерінен бастау алған деп кеуде қағатын Еуропаның кейбір елдері ерте заманда саңыраулықты сайтанның ісі деп, құлағынан мүгедек болған баланы ғана емес, шешесін де жазалап, отқа жағып жіберіп отырған. Ал табиғаттың тылсым күшін, Жаратқанның жерге жіберген пендесінің дүниеге келу құпиясын қасиетті кітап – Құраннан оқып білген ата-бабаларымыздың дүниеге саңырау болып келген сәбиге көзқарасы ерекше болған. Өздерінің аз ғана уақытқа жалған дүниеге сынаққа келген пенде екенін, мүгедек баланы Жаратушы ата-анасына да осындай себеппен жібергеніне кәміл сенетін халқымыз мүсәпір жандарға аяушылықпен ғана қарамаған, оларды өзінен кем санауды күпіршілік, күнә деп санаған. Адамзат дамуының қилы кезеңіне тап болып, көптеген рухани байлықтар тәрк болған қазіргі заманда бабаларымыздың сонау көне уақыттағы рухани биік деңгейіне қалай мақтанбасқа?! Бабаларымыз қанын төгіп, жанын аямай қорғаған жерде, Тәуелсіздік туы желбіреген мемлекетте жоғары өркениет талабына сай мүгедектерге көмек көрсету жүйесінің қалыптасқанын мақтанышпен айтуға болады.
Облысымыздағы есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттың 145 тәрбиеленушісі мүгедек балаларды қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың арқасында нақты қамқорлық аясында ғұмыр кешуде. Жуырда облысымызда “Арнайы білім беру: тәжірибелер, проблемалар және дамыту басымдықтары” атты республикалық конференция болып өтті. Еліміздегі арнайы білім беру қызметкерлерінің басын қосқан алқалы жиынның өңірімізде өтуі облысымыздағы осы жүйедегі білім мекемелерінің қызмет деңгейіне берілген оң баға деп, атап көрсетті конференцияға қатысушылар.
Мүгедектік түрлерінің ішіндегі ең ауырының бірі – құлақтың мүлде естімеуі, таскереңдік. Осындай сәби дүниеге келген отбасының жағдайын, жанайқайын бір сәт көзге елестетіп көрсек… Бұл ата-ананың іштен тынып, қайғы жұтып, қапалануы ғана емес. Айтып келмеген аурудың дауасын, емделуін білмей аһ ұрған әке-шеше басын тауға да, тасқа да соғып, кейде ажырасып тынады. Немесе жарық дүние жылуын жоғалтып, ақыр заман орнағандай күн кешеді. Қоғамнан, көршіден, ағайыннан алыстайды. Осындай жаралы жүрекке – дауа, жан күйзелісіне шипа болар сөз айтып, көмек қолын созар жан бар ма деп ойлайсың. Ащы болса да шындық – күні кешеге дейін бұл шешілмеген мәселе болатын.
Енді, міне, қолымыз жеткен жетістігімізді өзгеге өнеге қылып, мақтан тұтар кез келді: Солтүстік Қазақстан облысындағы есту кемістігі бар балалардың кінәратын туған күнінен бастап анықтап, есепке алып, емдеп, өз теңдестерімен бір дәрежеде білім беріп, қоғамдық қатынастарға бейімдеп, әлеуметтендіру жұмысы жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, орнықты жүйе қалыптасқанын жоғарыда аталған конференцияға қатысушылар атап өтті. Бұл – соңғы бес-он жылдың көлемінде осы проблеманы шешуге атсалысқан азаматтарымыздың ерен еңбегінің нәтижесі, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің бірлесіп, бел шеше кіріскен жұмысының жемісі.
Жангелді ТӘЖИН,
есту кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернат директоры, қалалық мәслихат депутаты.
Петропавл қаласы.