«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРМЕКШІНІҢ ТОРЫ

Алдиярды ұйқысынан таң қылаң бере ұялы телефонының шырылдаған дыбысы оятты. Жастығының астына қолын сұғып жіберіп, алып шыққан “дыңғырлақтың” үнін өшірді де, күнделікті әдетіне кірісті. Ояна сала, әлеуметтік желіге бір кіріп шықпаса, бір нәрседен құр қалатындай күйге түсетіні бар. Өзгелердің өмірінде қандай өзгерістер болып жатқандығын бақылап отырмаса, көңілі көншімейді. Әйтеуір, соңғы кездері көзі де, көңілі де әлеуметтік желінің шырмауына мықтап байланды.

Көгілдір экранның арғы жағындағы “мінсіз” өмірге қызығып кеткені соншалық, сағат тілінің тоғызға таяп қалғанын аңғармай қалды. Сабағының басталуына жиырма минут қалғанда төсектен атып тұрып, апыл-ғұпыл киіне бастады. Қуанышына орай, үйі университетке жақын орналасқан. Бар-жоғы үш минутқа кешіккен Алдиярға мұғалімі соңғы рет ескерту жасады. Бұл жолы да жазадан оңай құтылып кеткен ол үйреншікті орны – ең соңғы партаға келіп жайғасты. Оқытушының дәрісін тыңдауға Алдиярдың зауқы соқпады. Қолына смартфонын алып, пікір жазып, сұлу қыздардың суреттерін “лүпілдете” бастады. Содан сабақ аяқталғанға дейін кітабының артына жасырылған телефонына телміріп отырды. Анда-санда мұғалімді тыңдаған сыңай танытып қояды.
Алдияр – университеттің журналистика факультетінің студенті. Бала жасынан кітап оқуға құмар болып өсті. Осы уақытқа дейін қаншама жазушылардың туындысын қызыға оқып шықты. Соның әсері болар, мектеп қабырғасында түрлі шығармашылық байқауларға қатысты. Шәкіртінің талабын жазбай таныған ұстазы да: “Жазуға қабілетің бар, құлыным! Болдырмай, шаба бер. Сенен ертең жақсы журналист шығады”, – деп оның жарқын болашағына сенім білдіретін еді.
Бойындағы осындай қарым-қабілеті мен әдебиетке деген сүйіспеншілігі оны журналистикаға жетеледі. Оқудың алғашқы күндері өз мамандығына деген риясыз махаббатының арқасында жігерлі жас оқуда да, білім ошағының қоғамдық өмірінде де белсенді болып, әрқашан алдыңғы қатардан көрініп жүрді. Қатарластары өздерінен оқ бойы алда келе жатқан Алдиярға қарап бой түзейтін. Содан не керек, жарты жылдың ішінде ол адам танымастай өзгеріп шыға келді, қазір оқуға деген құштарлығының ізі де қалмаған. Көзі талғанша кітап оқитын жақсы әдетінен де арылды. Бар аңсары әлеуметтік желіге ауды.
Иә, талабы таудай жігіттің жігерсіз жанға айналуына смартфон сатып алуының кесірі тиді. Іздегеніңді әп-сәтте тауып беретін интернетті ол кәдесіне жаратпады. Достары әлеуметтік желіге тіркел деп қолқа салған соң көңілдерін жықпады. Бастапқыда “мұның маған не керегі бар, алтын уақытымды босқа кетіргім келмейді”, – деп жоламай жүрді. Дегенмен, ондағы “жылтыраған” өмір Алдиярдың көңілін өзіне еріксіз баурап алды. Міне, содан бері жатса да, тұрса да қолынан ұялы телефоны түспейді. Соңғы күндері ісінде береке болмай, сабағы да нашарлап кетті.
Алдияр талай рет осы бір “жегі құрттан” бойын аулақ ұстауға тырысып көрді. Өкінішке қарай, бұл талпынысынан түк шықпады. Құдды бір тылсым күш смартфонға жіпсіз байлап қойғандай. Сондайда қалың ойға беріледі: “Бұл шырмаудан қайтсем құтыламын? Егер бұлай жалғаса берсе, онда… Қаламы қарымды журналист боламын деген асыл арманым желше ұшады ғой. Жо-жоқ, бұлай болмас. Армансыз адам қанатсыз құспен тең. Аяулы арманымнан қол үзуге болмайды. Ертең осы әлеуметтік желінің кесірінен оқудан шығып қалсам ше?” Қалың ойға шомған Алдияр қолындағы телефонын қалай жерге түсіріп алғанын сезбей қалды. Сол-ақ екен, күндіз-түні қасында жүретін “айрылмас серігі” сынды да қалды.
Алғашқы күндері “асыл затынан” айырылғанына қатты жабырқағаны рас. Смартфонын жөндетейін десе, қалтасы көтермейді. Дегенмен, уақыт өте келе, ол өзін темір тордан босағандай еркін сезінді. Тіпті, телефонын жөндеймін деген райынан қайтты. Осылайша, ол жанын жегідей жеген кеселден біржола құтылды.
Смартфонның сынғанына бір ай уақыт өтті. Ол әлеуметтік желідегі әлемнен тыс шынайы өмірдің соншалықты керемет екенін енді түсінгендей.


Ақерке СЫЗДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp