Ата-аналардың, ұстаздар қауымының көбі сәбилерінің туған күндері, бастауыш сыныпты бітіру кештері, өзге де мерекелік шараларға ертегі кейіпкерлерін айнытпай сомдап беретін аниматорлар іздеп сандалатыны белгілі. Өңірімізде клиенттің ойын ә дегеннен түсініп, айтқан кейіпкерінің кескін-келбетін, айтар сөзін сол қалпында салып беретін аниматорлар аз емес. Алайда олардың барлығы бірдей қазақша сөйлей алмайды. Халқымыздың «Мақта қыз бен мысығын», «Қарлығашын», «Мұзбалағын», «Мақтаншақ қызын», «Ер Төстігін» сомдайтындар жоқтың қасы. Неге?
Біз бұл сауалдың жауабын білмек болып осы істі кәсіп қылып жүрген Петропавлдағы бірқатар анимациялық орталықтарға хабарласқан едік. Тұрғындардан жиі тапсырыс қабылдайтын «Инсайт project», «Королевство чудес», «Божья коровка», «Мишка Тедди» агенттіктерінің мамандары біздің «Тазша бала, Алдар көсе, Қобыланды сынды ертегілер мен батырлар жыры кейіпкерлерінің бейнесін сомдап берсеңіздер екен» деген өтінішімізге келісіп алғандай бірауыздан: «Кешіріңіз, біз-дің репертуарымызда мұндай кейіпкерлер болған емес», – деп қысқа ғана жауап берді.
Аниматорлар негізінен жарнама мен ойын-сауық саласында қызмет атқарады. Оларды сан қилы іс-шараларда: корпоратив кештерінде, кәсіпорындардың мерейтойында, балаларға арналған мерекелерде жиі кездестіріп жатамыз. Той-томалақ, туған күн, жаңа туған сәбиді перзентханадан шығарып алу салтанаттарында көретініміз: Тедди аюлары, қоян, қуыршақ. Сонда Ер Төстік, Қобыланды батыр, Тазша бала, Алдар көсе сынды кейіпкерлерге қызығатын қазақ балалары жоқ па?
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында жұмыс істейтін бірқатар актер мерекелік кештерге шақырту бойынша барып, кішкентай меймандардың көңілін көтеруді қосымша табыс көзіне айналдырған.
– Мен бұрын «Ярче» деп аталатын агенттікте жұмыс істедім. Сол кезде облыстағы қазақ тілінде сөйлейтін алғашқы аниматор едім. Тапсырыс көп болды деп айта алмаймын. Бірнеше жылдың ішінде шағын аудитория жиналды. Қазіргі таңда әртүрлі ұжымдар шақырып тұрады. «Детектив шоу», «Фиксик», «Дискотека 90», «Сайқымазақ» рөлдерінде көргісі келетіндер көп, – дейді өнер ошағының актеры Нұрсұлтан Төлебай.
Ал ерлі-зайыпты Ислам мен Ақалтын 3 жыл қатарынан Аяз ата мен Ақшақар кейпінде жаңажылдық кештерде балаларды екі тілде құттықтап жүр. Ақалтынның айтуынша, соңғы уақытта қазақ тілді бағдарламаға сұраныс артуда.
– Бізді балабақшалар мен мектептер жиі шақырады. «Қазақтарға қазақ тілінде ғана қызмет көрсетеміз» деген қағидамыз бар, – дейді Ақалтын Жақсылық.
Қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдаров: «Бiз ұлт болып, егемендi ел болып, мәдениетiмiз бен салт-дәстүрiмiздi дамытамыз десек, ең алдымен, тәрбиенi титтей бүлдiршiндерiмiзден бастауымыз қажет», – деген екен. Бұл – маңыздылығын күні бүгінге дейін жоғалтпаған өзекті ой. Себебі дүниені жанары қалай көрсе, жан дүниесі солай қабылдайтын балдырғандардың тап-таза әлемін лайламай, керісінше қиял қанатында қалықтата алатын туындыларды көрсету – ұлтымыздың келешегінің кемел болуы үшін қажет.
Шындығына келер болсақ, қазіргі қазақ баласы ұлтымыздың ежелден келе жатқан қиял-ғажайып ертегі кейіпкерлерінің орнына жаһанның жан-жағынан құйылып жатқан ақпарат тасқынында батыстың «Марвел» сияқты комикс шығаратын ірі компанияларының ойдан құрастырған қаһармандарын пір тұтады. Соның әсері болса керек, өз тілінен жерінген, атыс-шабысты абырой көретін жастар көбейген. Халық жадында сақталған аңыз-тұлғалар – Ер Төстік, Алпамыстарды шетелдік «Өрмекші адам» басып озып, төрге озған заман туды. Өкініштісі, халық ауыз әдебиетінің құндылықтарға толы мол мұралары еленбей жатыр.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Түйін:
Баланың санасы шимайланбаған дәптер іспеттес. Ойлау өрісін кеңейтіп, қазақы тәрбиеге қазық байлайтын кейіпкерлермен сусындатсаңыз өз ұлтының идеологиясына қызмет ететін ұрпақ өсіргеніңіз. Ал шетелдің қолдан жасалған батырларының бейнесін дарытқыңыз келсе, ол да өз еркіңіздегі дүние.