Облыс аумағында бес күн бойы жүргізілген «Өрмек» жедел-іздестіру іс-шарасының барысында 14 есірткі қылмысы анықталды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері облыс орталығының 34 жастағы тұрғынынан 1 килограмнан астам кептірілген марихуана тәркіледі. Есірткі заттарымен бірге көп мөлшерде оларды бөліп салуға арналған полимер пакеттер алынды. Қозғалған қылмыстық іс шеңберінде барлық мән-жайлар анықталатын болады.
Жабайы өсімдіктерді өсіру фактілерін анықтау және жолын кесу шеңберінде жеке меншік үйдің жанындағы учаскеден жабайы қарасора өскен алқап табылды. Ол шауып алынып, сот-химиялық зерттеу жүргізілді. Салмағы 101,6 килограмм жабайы қарасора есірткі заты деп танылды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаевтың айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 328 килограмнан астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 1,3 килограмм синтетикалық препараттар тәркіленген.