«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРТ КЕЗІНДЕ КЕРЕК КЕҢЕС

Жыл басынан бері облыс орталығында 10 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл оқыс оқиғалардың кейбірі көпқабатты үйлердің пәтерлерінде орын алды. Жеке үйге қарағанда, бұл баспаналардан сыртқа шығу қиынға соғады. Сол себепті, өрт кезінде адамдар сасқалақтап, қалай әрекет ету керектігін білмей жатады. Осы орайда оларға бірқатар кеңес беруді жөн көрдік.

Алдымен “101” немесе “112” нөмірлеріне хабарласып, өртсөндірушілерді шақыру қажет. Бұдан соң бөлмелердің бірінен шыққан оттың басқа жаққа жайылуына жол бермеу керек. Бұл үшін есікті қатты жауып, оны дымқыл шүберектермен қымтап тастаған жөн.

Үйде өрт сөндіргіш құрал болмаған жағдайда отты дымқыл матамен немесе құммен өшіру керек. Ол үшін гүл отырғызылған құмырадағы топырақ та жарайды. Тілсіз жауды осылайша ауыздықтай алмасаңыз, құжаттар мен ақшаны жылдам алып, пәтерден шығу керек. Егер өрт есіктен шығуға мүмкіндік бермесе, үйдің балконына немесе терезелердің жанына барған жөн. Өйткені, өртсөндірушілер адамды бұл жерден тез табады. Жалын желдің екпінінен күшейіп кетпес үшін терезені ақырын ашу керек. Содан соң көрші үйдің балконына өтудің амалын қарастыру қажет. Төменгі қабатқа түсу мақсатында арқан мен суағарды қолдану да қауіпті. Сол себепті, өртсөндірушілер келгенге дейін еденге жатып көмек күткен жөн. Сонда иіс тиюден жарты сағатқа дейін сақтануға болады.

Жоғары қабатта тұратын тұрғындар жалынның жоғары қарай көтерілетінін естен шығармауы керек. Сол себепті түтін торлаған кіреберісте қалғанда, адаспас үшін төменге қабырғаны ұстап түсу керек. Егер төменге түсудің мүмкіндігі болмаса, үйдің шатырына шығу қажет. Бұл үшін тұрғын үйде өрт сөндіру сатысы қарастырылған.

Өрт кезінде жеделсатыны қолдануға тыйым салынады. Өткені, кез келген уақытта ол істен шығып қалуы мүмкін. Кіреберістен далаға шығу барысында демді мүмкіндігінше іште ұстаңыз. Мұрныңыз бен аузыңызды дымқыл шүберекпен қорғасаңыз да болады. Өйткені, өрт кезінде көгерткіш қышқыл, фосген сияқты улы газдар бөлініп, ауадағы оттегі азаяды.

Өрт асүй мен балконда болып жататын кездер де аз емес. Бұл жерлерде жылдам тұтанатын заттарды сақтауға болмайды. Егер табадағы май жанып кетсе, газ бен электрді ағытып, аузын жабу керек. Тұтанған май жерге тамса, оның үстіне кір жуатын ұнтақ сепкен жөн.

Балкондағы заттарды темір жәшіктің ішінде сақтау керек. Сондай-ақ, мұнда құм толы шелек дайын тұруы қажет.

Игорь БАЛЕЕВ, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басқарма бастығының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp