
Өткен жексенбі күні кешке Есіл ауданындағы Явленка ауылындағы үйлердің бірінде болған өрт № 10 өрт сөндіру бөлімінің гарнизонын аяғынан тік тұрғызды. 3 минуттан соң төтенше оқиға орнына келіп жеткен кезекші қарауыл тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтап, Әдиевтер отбасының мал-мүлкін сақтап қалды. Оларға қоса «Қамқор-Есіл» ЖШС еріктілері мен аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім қызметкерлері қызыл жалынмен күресті.
Жақында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камаловтың атына үй иесінен алғыс хат келді. Онда Алмагүл Әдиева өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел іс-қимылына тәнті болғанын жазып, үй-жайының сақталып қалғанына ризашылығын білдірген.