Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы Шұқыркөл ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Атығаев, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімінің орынбасары Сүйіндік Баумағанбетов, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Салтанатты іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Сүйіндік Баумағанбетов ауыл тұрғындарын өрт сөндіру бекетінің ашылуымен құттықтады. Жаңа бекет «Қазақстанның 15 жылдығы», Жаңасу, Шұқыркөл ауылдарына қызмет көрсетпек. Бұл елді мекендер тұрғындарының жалпы саны 3500 адамды құрайды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев өз сөзінде облыстың шалғай елді мекендерінде өрт сөндіру бекеттерінің ашылуы өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың жұмысының тиімділігін арттырып, сонымен қатар құтқарылған өмірлердің санын арттыруға, материалдық құндылықтарды сақтап қалуға септігін тигізеді деп атап өтті.
Нұрлан Бауыржанұлы өрт сөндіру бөлімшелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту жөніндегі ынтымақтастық аясында «Штиль» маркалы жоғары өнімді аппараттар табыс етті. Сондай-ақ, өрт сөндірушілердің отбасыларын аралап, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысты.