«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Қызылжар ауданына қарас­ты Бугровое ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды.Жаңа бекет “Шағала Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізінде жұмыс істемек.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы Евгений Журавлевтың айтуынша, Бугровое ауылдық округіне екі мыңнан астам тұрғыны бар 5 елді мекен қарайды. Аталмыш округ Бескөлден 63 шақырым қашықтықта орналасқан. Оқыс оқиға орын алған жағдайда құтқарушылар уақытында жете алмауы мүмкін. Сондықтан департамент басшылығы ауылда өрт сөндіру бекетін ашу жөнінде шешім қабылдаған.

Өрт сөндіру бекетінің ашылуына төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев, өртке қарсы қызметтің ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.

– Қызылжар ауданының әкімдігі жергілікті “Шағала Агро” ЖШС-мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында меморандумға қол қойды. Жаңадан құрылған команда өртті сөндіруге ғана емес, басқа да төтенше жағдайлармен күреске жұмылдырылып, қиын жағдайға тап болған тұрғын­дарға көмектеседі, – деген азаматтық қорғау полковнигі ауылдықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Ауыл тұрғындары мен қонақ­тар өрт сөндіру бекетін аралап, нысандағы техникалық құрал-жабдықтармен танысты. Бекетте “АЦ-2,5-40” өрт сөндіру көлігі бар. Жеке құрам тәулік бойы кезекшілік атқарады. Ауылда мұндай бекеттің ашылуы аудандық өртсөндірушілердің жұмысын жеңілдетіп отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp