Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымы бас кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде: “Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады”, – деп өрісімізді кеңейте түсті.
Қазақстан – жас мемлекет. Бизнестің тізгінін ұстаған қазақстандықтардың кәсіпкерліктегі тәжірибесі толыса қойған жоқ. Менің де кәсіпкерлікті қолға алып, іскерлікке қадам басқан кезде білетінімнен үйренетінім көп болды. Заманның талабына қарай жұмыс істеуге тырыстық. Бүгінде Қазақстан нарығында өзіндік орны бар кәсіпорынбыз.
Шұжықтар және бірқатар жартылай дайындалған өнімдер шығаратын “Фрегат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлары көпке танымал. Нарықты сапа көрсеткішімен, қолжетімді бағамен жаулау керектігін әу бастан ойластырып, бүгінгі таңда өз тұтынушыларымызды, ортамызды қалыптастырдық. Жылына өндіріске жаңа 3-4 өнім қосылады. Серіктестік индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде құрал-жабдықтарды жаңғырту жоспарларын жүзеге асырып, мемлекеттік стандарттарға сай тауарлар өндіру мақсатымен жұмыс істеп келеді. Ішкі нарықтағы бәсекелестікте біз абыройлымыз. Ендігі бағыт – сыртқы әріптестермен иық тірестіре отырып, басқа елдерден тұтынушылар қатарын қалыптастыру. Оған шамамыз жетеді деп ойлаймын. Елімізде, оның ішінде өңірімізде мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп отырған кезде біздің жұмысымыздың алға баспауы мүмкін емес. Серіктестігімізде 75 адам тұрақты еңбек етеді. Тапсырыс географиясы кеңейген сайын кәсіпорынның тынысы ашылып, нәтижесінде тағы бірнеше жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туары сөзсіз.
Асқар ҚАПЕЗОВ,
“Фрегат” ЖШС-нің директоры.