«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРІСІ КЕҢЕЙГЕН ҚҰТ МЕКЕН

 

Президент тапсырмасына сәйкес облыс, аудандар басшылары атажұртқа ат басын тіреген отандастарымызға мүмкіндігінше қолайлы жағдай жасауда. Атап айтқанда, қысы қатал Қызылжарды жерсініңкіремей, табиғаты жайлы оңтүстік облыстарға бүйрегі бұрып тұратын ағайындардың көңілін табу үшін арнайы бағдарлама қабылда­нып, оларға тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен тегін салып беру ісі қолға алынды. Республикалық “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында Қызылжар ауданында Бәйтерек ауылы салынып, онда атамекенге оралған ағайындарымызға арналған 140 үй бой көтерген еді. Бүгінгі таңда осы ауылдың тыныс-тіршілігі қандай екен деген оймен сол жаққа жол тарттық.

Қызылжар ауылдық округінің әкімі Гүлсім Кәрімованың айтуынша, бүгінде Бәйтерек ауылында 1536 адам тұрады. Атамекенді аңсап, туған жердің топырағында өсіп-өркендеу үшін Ресей, Қытай, Моңғолия, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінен келген ағайындар жаңа ауылдың ажарын кіргізіп, көшелеріне жан бітірген. Қазіргі таңда көптеген ауылдарда көзге көріне бермейтін жағдай – көшеде асыр салып ойнап жүрген балаларды осы жерден таптық.

– Бәйтерек ауылында демография жақсы дамып келеді. Өткен жылы 28 бала дүние есігін ашты. Жыл сайын осынша бала өмірге келіп, ауыл тұрғындарының қатары артуда. Осы күнге дейін сегіз ана – “Күміс алқа”, оннан астамы “Алтын алқа” иегері атанды. Көпбалалы ананың ең жасы 34-те, – дейді ауылдық округтің әкімі.

Ауылдан тыс жерде – “Сұлтан” акционерлік қоғамында, “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-інде, “Левин” жеке кәсіпкерлігінде жұмыс істейтіндерді таңертең қызметтік автобус алып кетсе, қалғандары білім беру, денсаулық сақтау сияқты түрлі әлеуметтік салаларда еңбек етеді. Сондай-ақ, өз ісін ашып, кәсіпкер атанғандардың да қарасы қалың.

“Көз қорқақ, қол батыр” екенін естен шығармағандар мемлекеттің қолдауының арқасында дүкен, монша, шаштараз, техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашып, ауыл тұрғындарына қызметтерін ұсынуда. Ал жылыжайдың сырын білетіндер түрлі көкөністерді өсіріп, облыс орталығында орналасқан дәмхана, мейрамханаларға өткізіп, пайда табуда. Солардың бірі – Қошбаевтар отбасы. Өзбекстаннан көшіп келген бұл отбасы осыдан бірнеше жыл бұрын шағын несие алып, 35 сотық жерге түрлі көкөніс егеді. Әсіресе, орамжапырақтың, көктің түр-түрі жайқалып өсіп тұр. Егіс науқанын сәуір айынан бастайтын олар күзге дейін үш қайтара өнім алады екен. Бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отырған “Қошбаев” жеке кәсіпкерлігінің иесі Нұржан Дайрабайұлы баптай білсең жер жомарт екенін айтады.

Еңбекке жарамдылары осылай күнкөрістің қамымен жүргенде, аға буын ауылдың тентектерін тиып, тәртіпті қадағалайды. Осының арқасында бүгінде Бәйтерек ауылының дүкендерінде арақ-шарап сатылмайды. Аузы дуалы ақсақалдар болғанда, айтылған сөзге құлақ асар буынның да қалыптасатыны сөзсіз. Осындай тәрбиелік жақтарымен көп ауылдарға үлгі болып отырған бәйтеректіктердің алаңсыз өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған.

Ауылды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі шешілген. Бүгінде әр көшеге тіршілік көзін жеткізетін құбыр тартылып, 19 колонка орнатылған, 143 үйге су тартылған. Жарықпен қамту мәселесі де шешімін тауыпты. Алдағы уақытта фельдшерлік пункт пайдалануға берілмек. “Казпочта” АҚ пошталық байланысын орнатуды жоспарлап отырған көрінеді. Жуырда ғана жаңа әрі жарық заманауи мектеп ашылып, 300 баланың аудан орталығына қатынап оқуы да кешегі күнгі мәселеге айналса, ауылдың ендігі қажеттілігі клуб пен кітапхана болып отыр. Жасы да, жасамысы да өнер десе “ішер асын жерге қоятын” өнерпаз болғандықтан, әрі рухани байлықты еселеу үшін бұл ауылда клуб пен кітапхана тапшылығы қатты сезілуде.

– Жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуі үшін барлық жағдай жасалды. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша хоккей қорапшасы, футбол алаңы салынды. Спортқа бейім жастар талай жарыстарда топ жарып, жүлделі орындар алып жүр. Ал олардың бойындағы өнерді жетілдіруге ауылдық клуб ауадай қажет, – дейді бәйтеректіктердің өтінішін қостаған Гүлсім Кәрімова.

Қызылжар ауданында атақонысты аңсап келген ағайынның арқасында іргесі қаланған ауылдың өрісі кеңейгеніне қуанып қайттық. Ал осындай қазақтың исі сіңген елді мекеннің облыс орталығының іргесінен шаңырақ көтеруі де тәуелсіздіктің арқасы емес пе?!

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: “Қошбаев” жеке кәсіпкерлігінің қызметкері Темірлан Мамиров.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp