
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан 1997 жылы құрылып, 2002 жылы жазушы есімімен аталды. Орталығы – Новоишимка ауылы. Аумағы 11,09 мың шаршы шақырым. Онда 40850 адам түтін түтетіп отыр. Тұрғындардың 33 пайызын қазақтар құрайды. Ауданның 17 ауылдық округі, 63 елді мекені бар.
Еңбектің жемісі
Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының қиылысында орналасқан ауданның 782 мың гектар егістік алқабы бар. Статистика деректері бойынша, Қызылжар өңірі биылғы ауа райының қолайсыз жағдайына қарамастан 5,137 млн. тонна астық жинаса, соның 827,4 мың тоннасы мүсіреповтіктердің үлесінде. Гектар берекелілігі 16,7 центнерден айналған. Бұған қоса аудан диқандары 107,9 мың тонна майлы дақыл жинады. Шаруашылықтар өздерін сапалы тұқыммен қамтамасыз етті.
Ауданда 77 кәсіпорын азық-түлік өнімдерін өндірумен айналысады, оның екеуі – ет, біреуі – сүт өңдейтін кәсіпорын, алтауы – диірмен, бесеуі – жартылай дайындалған өнім шығаратын цех, біреуі – майлы дақылдар өңдейтін, біреуі – құрамажем өндіретін зауыт, 35-і – наубайхана, 16-сы – мал сою қосыны мен мал сою алаңы, 11-і – элеватор мен астық қабылдайтын кәсіпорын.
Жергілікті шаруашылықтар егіншілікпен бірге ата кәсібіміз – мал өсіруге, олардың басын көбейтуге басымдық береді. Ауданда 33,9 мың ірі қара, 32,5 мың қой, 11,8 мың жылқы, 42,2 мың шошқа, 0,8 мың ешкі, 422,7 мың құс бар.
Осы кезеңдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 80129,2 млн. теңге болды, облыс бойынша үлес салмағы –15,7 пайыз. Биылғы тоғыз айда өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда негізгі капиталға 23,4 пайыз қаражат құйылып, 25099,6 млн. теңгені құрады.
Құрылыс қарқынды
Новоишимка ауылы – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономиканың құлдырау кезінде барлық бесқабатты тұрғын үйлерді жеке қазандықтар орнату арқылы бәз баяғы қалпында сақтап қалған бірден-бір аудан орталығы. Орталық жаңа шағынаудандармен, сәулетті де бірегей әлеуметтік нысандармен жылдан-жылға көркейе түсуде.
Жыл басынан бергі тоғыз айда 4660,2 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, 9187 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан орталығына кіреберістегі оң қапталдағы жеке тұрғын үйлерден тұратын шағынауданда оңтүстіктен қоныс аударатын бауырларымыз үшін 10 баспананың құрылысын жергілікті “ПМК-5” ЖШС-і жүргізіп жатыр. Осындағы қаз-қатар тізілген алпыс үйді де осы серіктестік пайдалануға берген.
– Таяуда ғана Мағжан Жұмабаев атындағы шағынауданда 50 пәтерлік бесқабатты тұрғын үйде қоныстойы тойланды. Оған көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен еңбек ардагерлері қоныстанды. Ал жер үйдің әрқайсысы 80 шаршы метрден. Қаладағыдай кәріздік желілер тартылған және ауызсумен қамтамасыз етілген. Қоныстойын тойлайтындар үшін барлық жағдай қарастырылған, – дейді құрылыс компаниясының директоры Кәрібай Шаяхин.
Аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Динара Анафина мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Көгершін Минашова іссапар барысында орталықтағы жергілікті тұрғындардың көзайымына айналған Жастар саяжолын көрсетіп, Мағжан Жұмабаев атындағы шағынауданға, юра дәуіріндегі динозавр сияқты жануарлардың мүсіндері және елордадағы басты нысандардың макеттері қойылған саябақтарға қарай бастады.
Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мүсіні қойылған және жағалай өрнектас төселген алаң аудан орталығына ерекше сән береді. Саябақтардың безендірілуі де өзгеше, танымдық құдіреті де мол. Жаз айларында жасыл желекке бөленетін нысандардың жергілікті балалардың сүйікті орнына айналатындығы көрініп тұр.
Қамқорлық аясында
Биылғы тамыз конференциясында облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстағы 130 білім беру нысанын жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінгенін, бұл республикадағы мектептерді жөндеуге бөлінген қаражаттың 41 пайызы екенін атап айтқан еді. Соның арқасында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 809 млн. теңгеге 11 білім ошағы қалпына келтірілді. Солардың бірі – “Станция” шағынауданындағы үш қабатты №2 орта мектеп.
– 1962 жылы салынған мектебімізді күрделі жөндеуден өткізуге 90 млн. теңге жұмсалды. Заманауи терезелер орнатылды, ішкі қабырғалар қалпына келтірілді, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері ауыстырылды, ғимараттың шатыры мен қасбеті жөнделді. Бұл жұмысты “KAZ Строй PLAST” ЖШС-і жүзеге асырды. Біздің станция “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясына қарайды. Биыл аталмыш компания 59 млн. теңгеге мектеп ауласына спорт алаңын салып берді, – дейді мектеп директоры Асхат Кенжебеков.
Аулаға жасанды жабылғысы бар шағын футбол алаңы орнатылып, жан-жағы қоршалған. Әртүрлі спорт құрылғылары бар жаттығу алаңы да мектеп ұжымының мақтанышы.
– Бұл – “Қазақстан темір жолы” компаниясының шапағатын көріп отырған Қызылжар өңіріндегі алғашқы білім ошағы. Аталмыш компания алдағы жылы да ауданымызға қолдан келген көмегін көрсететіндігіне сенімдіміз. Осының өзі екіжақты жасалған меморандумның арқасы деп білеміз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Динара Ақанқызы.
Біз жоғарыда сөз еткен “ПМК-5″ ЖШС-і №1 Новоишим және Рузаев орта мектептерін жаңа оқу жылына дейін жөндеп беріпті. Аудан басшыларының айтуына қарағанда, қаржының жылдағыдан көп бөлінуі 2843 оқушы мен 358 мұғалімге заман талабына сай қолайлы жағдай жасаған.
Алтын ұя
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұрынғы аудандық партия комитетінің көне ғимаратында үш ауысымда оқытып келген мектептің жаңа үлгідегі ғимараты 2016 жылы пайдалануға берілген болатын. Ол қазақ мектеп-интернаты деп аталады. Онда 416 оқушы білім мен тәрбие алып жатыр, 39 бала даярлық тобында оқиды, 52 балдырған шағын орталықта тәрбиеленеді.
– Мектеп-интернатта еңбек ететін 51 педагогтың алтауы – жоғары санатты, бесеуі – бірінші санатты, төртеуі – педагог-модератор, үшеуі – педагог-сарапшы, он алтысы – педагог-зерттеуші. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері жыл сайын артып келеді. Биыл түлектердің ақтық сында жинаған орташа нәтижесі 96 балл болды. 2019 жылдың барлық түлегі жоғары оқу орнына түсті, олардың 17-сі мемлекеттік грант иегері атанды. Мектептің алты түлегі оқуды “Алтын белгімен”, сегізі үздік аттестатпен бітірді. Екі оқушымыз “Болашақ” бағдарламасымен мамандық алды, – дейді оқу орнының директоры Сәрсенкүл Төлеуханқызы.
Интернатта 12 ауылдың 54 оқушысы тұрады екен. Олардың сабаққа дайындалуы мен тынығуына интернатта барлық жағдай жасалған. Бескүндік оқу кестесіне көшкен ауылдық балалар мектептің “ПАЗ” және “ГАЗель” автобустарымен тасымалданады.
Жас маманға — даңғыл жол
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдан бері “Дипломмен – ауылға!” жобасы жүзеге асып келеді. Аталмыш бағдарлама аудан орталығына ғана емес, Червонное, Рузаевка, Новоселовка, Березовка, Ефимовка, Урожайное, Чистополье сияқты шалғай елді мекендерге де жас мамандарды тартуға мүмкіндік берді.
Үкімет қаулысымен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені салаларының жас мамандарын қолдау шаралары қарастырылған. Он жылдың ішінде ауданға келген 383 жас маманға 50 млн. теңгенің жәрдемақысы, 256 маманға тұрғын үй сатып алуға 685,1 млн. теңгенің кредиті берілген.
Жыл басынан бері болашағын осы ауданмен байланыстырған 40 маман осындай қолдаудың шапағатын көріп отыр.
Көшіп келушілер көп
Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес өңір басшысы Құмар Ақсақалов оңтүстіктен қоныс аударушылар үшін үш жылда 3000 тұрғын үй салу бастамасын көтерген болатын. Бұл бастама Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда да қолдау тауып отыр.
Биыл ауданға 52 отбасын (212 адам) қоныстандыру жоспарланған. Жыл басынан бері 40 отбасы (130 адам) көшіп келді. Олардың 65-і – еңбекке қабілетті адам, соның 43-і тұрақты жұмысқа орналасты, 4-еуі жеке кәсіпкерлікпен айналыспақ, 8-і бала күтіміне байланысты демалыста, қалған 10-ын жұмысқа орналастыру көзделуде. Отбасы мүшелерінің 5-еуі – студент, 31-і – мектеп жасындағы бала, 29-ы – мектеп жасына дейінгі бала. Оңтүстік өңірлерден қоныс аударған екі отбасы жұмыс берушілер есебінен, 38 отбасы жалгерлік үймен қамтамасыз етілді.
Үстіміздегі жылы қоныс аударатын отбасылар үшін жеті елді мекенде 39 тұрғын үй салу жоспарланған. Оның иелері де анықталған. Жаңа үй иеленетін 199 адамнан тұратын 18 отбасы квотаға енгізіліпті. Аудан басшыларының айтуына қарағанда, қоныс аударушылар санын арттыра түсу көзделуде. Соған орай жаңа үйлер салу да көбейе түспек.
Нұрсайын ШӘРІП,
журналист.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.