«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРІС ЖАЙҒАН ӨРКЕНДІ ІС

Бүгінде біздің өңірде ағаш өңдеумен айналысатын кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – Қызылжар ауданының Соколовка ауылындағы “Глазок” жеке кәсіпкерлігінің иесі Валерий Глазок.

Тірнектеп жинаған қаражатына цех ашып, табыстың көзін тапқан кәсіпкер бүгінде берекелі іс тындыруда. “Соколовское орман шаруашылығы” аумағындағы Виноградовское орманшылығының жер телімін жалға алған Валерий Глазок 2005 жылы отын дайындаумен айналысып, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Қазіргі таңда өндіріс ауқымын кеңейткен ол 15 адамға тұрақты жұмыс тауып берді.

Бүгінде кәсіпкердің арманы орындалғандай. Өзінің сүйікті кәсібімен айналысып жатқан Валерий Глазок жаз айларында қосымша жұмыс күшінің көмегімен ағаш отырғызу, өрттің алдын алу сияқты шаруалар атқарылатынын да баса айтып өтті. Осындай жұмыстың қызған шағында ұжым мүшелерінің саны 70 адамға дейін жетеді екен.

Цех заманауи құралдармен жабдықталған. Ағаш тілетін қондырғылар мен “laimed” станогын Финляндия елінен 70 мың еуроға сатып алыпты. Қайта өңдеу цехында қайың ағашынан тіліп жонылған құрылыс материалдары дайындалады. Кәсіпкер жыл сайын шамамен 18 мың текше метр шикізат қоры қажет екенін, оның 5 мың текше метрі цехта қайта өңделетінін, дайын өнімдердің облыстың ішкі нарығын қамтамасыз етіп, еліміздің өзге де аймақтарына жөнелтілетінін айтады.

Ұжым соңғы уақытта қалдықсыз өнім өндіруге ерекше басымдық беруде. Бұрындары ағаш бұтақтарын күйдіріп жіберіп отырса, қазір арнайы биоотын жасауға жаратылады. Өздерінің айтуларынша, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы алынған отынға сұраныс күн сайын артып келеді. Осыған орай ұжым мүшелері ай сайын 1 мың тонна ағаш көмірін өндіруді мақсат етіп отыр. Үгінді, жаңқа, қабық пен кескін қалдықтарынан қатты отын дайындалады. Мұндай отын заманауи жылыту пештерінде қолданылады.

Өндіріс кешені Алматы, Астана, Қарағанды, әсіресе, Көкшетау қалаларындағы зауыттармен тығыз байланыс орнатқан. Алдағы уақытта өнімдерді көршілес Ресейге экспортқа шығару жоспарлануда.

Орман шаруашылығында ағаштарды кесіп, игілікке жарату ғана емес, жасыл желектің жайқалып өсуі үшін де барлық жағдай жасалуда. Осы орайда, қайта өңдеу цехы жұмыс істеген уақыттан бастап 656 гектар жерге ағаш отырғызылған.

– Қазіргі таңда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ерекше. Мүмкіндігімізге орай мен де барлығын уақытында істеуге тырысамын. Бастысы кәсіпорынды дамытып, өнім сапасын арттыруға барынша күш салудамыз. Күн сайын 60 текше метр өнім дайындалады, – деді кәсіпкер.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp