«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨСКЕН ҰЯҢ – БАҚЫТ МЕКЕНІ

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты, қызық дәурені осы отбасында өтіп жатады. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын – тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі.

Ата-ана да өздері шаңырақ құрған кезде бір-біріне шексіз сүйіспеншілікпен, махаббаттық сезімдері табысқан кезде берік отбасы қалыптасады. Әке мен ананың арасындағы сыйластық, өзара түсінушілік, олардың бір-бірін ұғынысуы, қандай сұрақтар болсын, материалдық, әлеуметтік, қоғамдық және экономикалық мәселелерді шешуде пайымды шешімдер тауып жатса, бұл отбасының берекесі мен берері де мол болатыны мәлім. Осы мәселе қазіргі кезде еуропалық дәстүрге көбірек бой ұрып барады. Яғни, қазақы болмыстан айрылып, бала тәрбиесі, отбасы берекесі келеңсіз жайттарға бой ұра бастады. Ерлі-зайыптылардың татулығы отбасының күретамыры болып табылады.

Ата-аналардың балалары алдында олардың денсаулығының дұрыс жетіліп өсуін қамтамасыз ету, тәрбие, білім беру, үй болып, ел қатарына қосылу сияқты міндеттерін орындауы, ал балаларының алдында ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатады. Бүгінгі таңдағы отбасы тәрбиесінде қоғам ата-аналар алдына үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр.  

“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” дегендей, бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Бала өскен сайын оның тәрбиесі де күрделеніп, оған қойылатын талаптар да күшейе түседі. Ақыл-ойының дамуы, ұнамды мінез-құлқын қалыптастыру ең негізгі міндетке айналады.

Өз ата-анасын сыйлап, құрметтеп үйренген бала өзге ата-аналарды да құрметтей біледі, қашан да үлкендер алдында өзін дұрыс ұстап, қамқорлық таныта біледі.

Бала тәрбиелеу оңай жұмыс емес. Ол үлкен шеберлік пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан халық өмір есігін енді ғана ашқан бөбек тәрбиесін бесіктен бастаған.

Қазақтың ұлы ақыны Абай да отбасындағы баланы тәрбиелеуде ата-аналар тарапынан жол берілетін кемшіліктерді ескерте отырып, отбасы тәрбиесін ұйымдастыруда кеңес береді. Нақтырақ айтатын болсақ, Абай өзінің оныншы қара сөзінде: “Әуелі балаңды өзің алдайсың: әне, оны берем, міне, мұны берем деп, басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?” – деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналарды сынайды.

Қазақ ағартушыларынан С.Көбеев те отбасы тәрбиесі мәселелеріне аса үлкен мән берген. Ол өзінің “Баланы семьяда тәрбиелеу” деген еңбегінде ата-аналардың балалары алдындағы беделі отбасындағы тәрбие нәтижесі екендігін атап көрсетеді.

Бүгінгі қоғам баланы өмірге дайындауда отбасы тәрбиесіне үлкен жауапкершіліктің жүктелетінін көрсетеді. Әділдік пен бауырмалдық, өзара түсінушілік, ата-анаға және туған-туыстарға деген сүйіспеншілік, Отанға деген махаббат сияқты қасиеттер баланың кішкентай кезінен отбасында және мектепте қаланады. Сондықтан шаңырақтағы, мектептегі және айналадағылармен қарым-қатынас жасаудың дұрыстығы өте маңызды.

Ләззат ЕРҒОЖИНА,

№2 кітапхананың

меңгерушісі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp