«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕЛДЕН ҚОРЫҚПАЙ ӨТЕТІН БОЛДЫҚ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов осыдан үш апта бұрын ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, Кеңащы ауылдық округі тұрғындарымен кездескенді. Сонда ауылдықтар ауданға қатынайтын күрежолдың бойындағы су өткелі көктем сайын істен шығып, жолаушыларға қиындық тудыратынын айтқан болатын. Облыс басшысы бұл мәселені тікелей бақылауына алып, оң шешетініне уәде берген еді.

Айтқандай-ақ, қысқа мерзімде, бар-жоғы жиырма күннің ішінде биылғы су тасқыны кезінде қирап қалған су өткелі қалпына келтірілді. Ондағы құрылысты қолға алған мердігер “Көкшетау жолдары” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ескірген бетон құбырды жаңа үлкен тюбингтерге ауыстырды. Іргетасы техникалық стандарттарға сай бекітілді. Асылы, істен шығып тұрған өткелдің орнында көпірге ұқсап қалған құрылысты көрген жұрттың қуанышында шек болмады. Енді ол жерден ауыр көліктер де еш қауіп-қатерсіз өте алады.

Осы мәселені шешуге аудандағы кәсіпорын басшыларының тигізген қолғабысын, жанашырлығын айта кеткім келеді. Серіктестіктердің, шаруа қожалықтарының басшылары мен кәсіпкерлер осылай халықтың тұрмысына қатысты көптеген мәселелердің ойдағыдай шешілуіне өз үлестерін қосуда. Олар жергілікті атқарушы органмен етене жұмыс істеп, барлық өзекті мәселелерді жұмыла шешеді. Біз үшін аса түйінді істі шешуге қол ұшын бергендердің барлығына кеңащылықтардың атынан алғысымды білдіремін.

Әшім НҰРМАҒАНБЕТОВ,

еңбек ардагері.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp