Жуырда өткен ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев біраз адамның көкейінде жүрген мәселені қозғады. Өңірдің бас полицейі облыс орталығындағы Пушкин көшесіне жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу керектігін айтты.
Университеттің оқу корпустары Пушкин көшесінің екі жағында орналасқан. Сондықтан бұл маңайда таң атқаннан күн батқанға дейін ары-бері сабылған студенттер мен мұғалімдер көп. Тіпті, түскі үзіліс уақытында қыз-жігіттер жолды топ-тобымен кесіп өтеді. Кейбір көлік жүргізушілері сабырлылық танытса, енді біреулері шыдамсыздықтан дыбыс сигналын зарлатады-ай келіп. Жан-жағына қарамайтын “шумахерлер” де қауіп тудыруда. Әрине, бар кінәні көлік жүргізушілеріне артып қоюға болмайды. Жолдан өткенде құлаққаппен жүретін жауапсыз, алаңғасар, жайбасар студенттер де аз емес. Осылайша, олар өз өмірін қатерге тігеді. Бұл мәселе бұрыннан қозғалып келеді. Демек, бұл маңайда жол-көлік оқиғасы орын алмауы үшін жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі өте қажет.
Әлішер ЕРМЕК,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің студенті.