«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕНГЕ – ТАҒЗЫМ, БҮГІНГЕ – МАҚТАНЫШ, ЕРТЕҢГЕ – СЕНІМ

Дели университетінің профессоры, Индира Ганди атындағы Ұлттық өнер орталығының ғылыми жетекшісі Мансура Хайдар ханымның есімі еліміздің зиялы қауымына жақсы таныс. Әлем ғалымдары арасында да беделі зор. Оның халқымыздың тарихы мен мәдениетін зерделеуге байланысты айтылған сараптамалары мен ой-пайымдары шыншылдығымен, дәлдігімен ерекшеленеді. Бүгінгі ұрпаққа өте құнды жазба деректер қалдырған Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» шығармасын ағылшын тіліне аударып, төрткүл дүниеге танытуының өзі неге тұрады?! Орта Азия туралы көз майын тауысып, жарты ғасырға жуық ғылыми еңбектер жазып келе жатқан қадірлі мейманның шалғайдағы Уәлиханов ауданына келуі жұрт күтпеген тосын сый болды. Атақты оқымыстының мұнда сапарлауына бірден-бір себепкер Саттар Мәжитов екенін кейін білдік. Әйтпесе, арақа-шықтығы алыс, жетуі қиын, жолы ойлы-шұңқырлы, түкпірдегі ауданға шетел тұрмақ, астаналық зиялылардың да ат басын тіреуі өте сирек. Саттар Фазылұлы – осы өңірдің тумасы. Саналы ғұмырын ғылымға, оның ішінде тарих саласына арнап келеді. Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінің тарихына қатысты жазылған еңбектері мен монографиялары мол. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтына басшылық еткен. Үнді ғалымымен тығыз шығармашылық ынтымақтастық орнату арқылы отандық мұраларымыздың өзге тілдерге аударылып, жат жұрттықтарға танылуына үлкен себін тигізген айтулы азаматтардың бірі.

Алқалы жиынды аудан әкімі Аман Төрегелдин жүргізіп отырды. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзіне тоқтала отырып, ұлт болып қалыптасу кезеңі әріден басталатын халқымыздың өткенін, бүгінін және болашақтағы даму жолдарын айқындап берген ауқымды шараның жас буынды отаншылдыққа баулудағы, елді, жерді сүюдегі маңызын атап көрсетті. Одан кейін Алматы мен Астанадағы ғылыми-танымдық басқосуларға қатысып келген қадірлі қонақтар мінбеге көтеріліп, жиналғандарды Ұлы Дала өркениеті мен «Мәңгілік Ел» идеясының сабақтастығы мен жалғастығы, ұлттық рух, шынайы тәуелсіздік жайлы әсерлі әңгіме өрбітті.

Саттар МӘЖИТОВ,

«Интеллект Орда» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер халықаралық интеграция институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы:

– «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. VІ ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді». Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінен алынған үзінді. Осыдан-ақ мемлекеттілігіміздің бастау-қайнары тым тереңде жатқанын, халық болып қалыптасу бірнеше ғасырға созылғанын, осы жолда небір қиындықтарды бастан өткергенін, ұлт болып ұйысуды бабаларымыз басты мұрат тұтқанын аңғару қиын емес. Демек, қазақ хандығының құрылуы кәдімгі жиындардың бірі емес, керісінше, барша қазақстандықтар үшін ерекше оқиға деуіміздің мәні бар. Айтулы датаға орайластырып, ұлан-асыр той өткізуіміздің қажеті қанша деген пікірлерді арагідік болса да естіп қаламыз. Оның себептерін Президентіміз ашып берді. Кеңестік кезеңде ата тарихымызға қатысты нақты деректер мен ащы шындықтар қасақана бұрмаланып, жадымыздан өшірілгені жасырын емес. Сынық сүйем жер үшін жауларымен арыстанша алысып, жолбарысша жұлқысқан хандарымыз бен батырларымыз үстем тап өкілдері ретінде көрсетіліп, аттарын атауға, еске алуға тыйым салынды. Тек тәуелсіздіктің арқасында үш мың жылдан әріден бастау алатын ата тарихымыз жаңа қырынан бағаланып, қалпына келтіріле бастағанына бәріміз куәміз. Олай болса, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан өткелдерінен сүрінбей өткен еліміздің тарихынан тағылым алу үшін ұйымдастырылған мұндай алқалы басқосулардан ұтарымыз көп. Олардың ұлттық ой-сананы жаңғыртуға қосар үлесі зор.

Ел тарихы ұлттық құндылықтарды қастерлеуден, ел, жер атауларын жаңғыртудан басталатынын бір сәт те естен шығармауымыз керек. Ұлытау төріндегі толғанысында Елбасы: «Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп», – деген пайымдауын еске түсірсек, қазақ жұртының арғы түбі ғұндарға барып тірелетінін аңғару қиын емес. Өткенді білмей алға бағдар жасау қиын. Өйткені, тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр, көмескі. Сондықтан тарихымызды жастарға таныту үшін Президентіміз үлкен міндеттер жүктеді. Олардың ішінде Ұлы Даланың мұрагері екенімізді талмай насихаттаудың, ойға да, бойға да сіңірудің маңызы айрықша. Ата тарихымызды ғана біліп қою жеткіліксіз. Келешегін ойлаған халық қана алға жылжиды, кемелденеді, толысады, дамудың даңғыл жолына түседі. «Мәңгілік Ел» идеясының түпкі мақсаты қатардан қалмау, озық болу, бәсекеге қабілеттілікті шыңдау, өркениетті елдердің қатарына қосылу деген ұғыммен тығыз сабақтас. Елордадағы «Назарбаев Университетінде» өткен «Мәңгілік Ел» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына 40-тан астам елден көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, саясаттанушылардың, тарихшылардың келуі Қазақстанның қалыптасқан мемлекет ретінде мойындалғанын, әлемдік қауымдастықтағы лайықты орнын айғақтаса керек. Оның үстіне дуалы ауыздардан шыққан әр сөз ғаламға тарап, еліміз жайлы жылы ой-пікірлер орнықтырары сөзсіз. Мысалды алыстан іздемейік, бүгінгі кездесуіміздің мәртебелі мейманы Мансура ханым зерттеп жүрген тақырыптар сан алуан. Солардың соқталысы қазақ хандығы тарихына тікелей қатысты. Мансура ханым ағылшын, парсы, орыс тілдеріне жетік. Санаулы дулатитанушылардың бірі, бірегейі десе де болады.

Мансура ХАЙДАР,

профессор, дулатитанушы:

– Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы көптеген шетелдіктердің қызығушылығын тудырғанын баса айтқым келеді. Осыған орай Астанада ұйымдастырылған ғылыми-танымдық шараларға шақыру алып, салтанатты жиналыста Көшбасшыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасын тыңдау бақытына ие болдым. Маған Президенттеріңіздің: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз. Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі!» – деген толғамдары қатты әсер етті. Бұл еш себепсіз, жайдан-жай айтыла салған сөз емес. «Ықылым заман» дегенде менің көз алдыма Еуразия кеңістігі, Ұлы Даланың қайталанбас көріністері мен бірегей өркениеті, мәдениеті елестейді. Менің пікірімше, қазақтар қола дәуірінде пайда болған. Орта Азия елдері арасында шоқтығы биік елдеріңізге сан мәрте жолым түссе де, бұл жолғы сапарымның жөні бөлек. Мені қазақ тарихы қатты қызықтырады. 50 жыл ғұмырымды Орталық Азия, оның 20 жылдайын Қазақстан тарихын зерттеуге арнаппын.

Айтпағым мынау: Қазақ хандығының құрылуы, қалыптасуы, орнығуы туралы әңгіме қозғалатын болса, ғалымдардың қай-қайсысы болсын алдымен Мырза Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» еңбегіне жүгінеді. Ол өз заманының озық ойшылы, асқан білімпазы ретінде танылып, қазақ хандығының пайда болуы мен дамуына қатысты өте құнды деректер қалдырған. Мәселен, Керей мен Жәнібектің хандық билікті құрған уақыты, оларға еріп 200 мың адамның Шу мен Талас алқабына көшіп барғаны, тағы басқа бұлтартпас деректерді жиі ұшыратуға болады. Зерттеушілер үшін құнды мәліметтер молынан кездеседі.

Бүгінгі ұрпаққа қазақ тарихы жайлы жазбалар қалдырған ойшыл ғалым жайлы зерттеумен жүйелі айналысып, ғылыми монографиялар жариялап жүргендіктен, маған қазақ хандығы тақырыбы жақсы таныс. «Ұлы Даланың өшпес тарихы», «Қазақ хандығының 550 жылдығы: тарихы, идеясы, сабақтастығы» атты Халықаралық конференцияларда жасаған баяндамаларымда қазақ халқының өміріне, тұрмысына қатысты маңызды мәселелерді қозғадым.

Көп тілді меңгергенімнің арқасында «Тарих-и-Рашиди» еңбегін ағылшын тіліне де аудардым. «Мирза Мухамед Хайдар Дулати в персидских источниках» атты зерттеуім орыс тілінде жарық көрді. Онда Х. Дулатидің Кашмирді билеуіне қатысты үнді, басқа да елдер ғалымдарының сын пікірлерінің қисынсыздығын дәлелдедім.

Менің ойымша, қазақ тарихы әлі де жете зерттеуді қажет етеді. Ол үшін мұрағаттарда шаң басып жатқан жәдігерлерді талмай жинастыру керек.

Күләш ЕГІМБАЕВА,

орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры:

– Біздің арғы Отанымыз – Ұлы Түркі елі. Осы бір асыл мұрамызды кейінгі буын өкілдері біліп өссе екен деймін. Өйткені, ата-бабаларымыз арман еткен бүгінгідей азат күнге жету жолы қиындықтар мен тәуекелдерге толы болды. Соған қарамастан, Елбасымыздың сындарлы саясаты арқасында асубелдерден аман-есен өтіп, тәуелсіздіктің биік тұғырына көк туымызды қададық.

Біздің өңірде қалмақтар мен жоңғарлар шапқыншылығына қатысты айтылатын аңыздар көп. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, 1750 жылдары қытайлардың қысымына шыдай алмаған қалмақтар осы жаққа қарай ығысса керек. Осы кезде Түгел, Жазы, Қошқарбай, Есту, Мойнақ батырлар бастаған самсаған қол Сілеті бойында ата жауға тойтарыс беріп, дұшпанды кері қуып шыққан. Қулыкөл жанындағы «Қызыл оба» деген жер атауы сол қанды шайқастың бір белгісі саналады. Абылай ханның заманында әділдігімен зор құрметке бөленген Әлдебек Абызұлы жайлы тарихи деректемелер аз емес. Әкесі соқыр Абыз көріпкел әулие, емші болған.

Бүгінгі буынды ата-бабалар дәстүрі мен ел, жер тарихын қастерлеуге үйретіп жүрміз бе деген сауал қойылса, іркіліп қалатынымыз рас. Бұл тұрғыдан алғанда, ойласып шешетін мәселелер баршылық. Ең бастысы, өткен тарихымызды танып-білу арқылы басты құндылығымыз – тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете сезінетін ұрпақ тәрбиелеу басты міндеттердің бірі болып қала бермек.

Зәмзем ЖҰМАЖАНОВА,

тарих пәнінің мұғалімі:

– Елбасы: «Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі», – деп атап көрсетті. Ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша құрметпен бас иіп, тағзым етеді. Бұл – біздің өткенге деген құрметіміздің белгісі. Өйткені, олардың қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Қазақ байырғы халықтардың біріне жатады. Ежелгі түркі тектес тайпалардың этникалық бірігуі нәтижесінде қазіргі ұлан-байтақ жерді қоныстанды. Әбілқайыр ханның үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын Керей мен Жәнібек сұлтандар бастап, Дешті Қыпшақтан Жетісу жеріне тұрақтауы қазақ хандығының құрылуына басты себепкер болды. Осы кезден бастап «қазақтар» деген атау қолданыла бастады.

Қазақ хандығының құрылуы ел тарихындағы сындарлы кезең, қазақ ұлтының қалыптасуының бастауы болып табылады. «Атамыз – Алаш, атымыз – қазақ, үш жүздің ұрпағымыз» деген нақылдың ұрпақ тәрбиесіндегі тағылымы зор. Отан тарихына деген қызығушылықты арттыру – ұстаздар алдындағы басты міндет. Ұлы Даланың тәуелсіздік тұғырын нықтап, «Мәңгілік Ел» идеясы аясында ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге бәріміз жауаптымыз.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

«Солтүстік Қазақстан».

 Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp