Бала – ата-баба аманатын арқалаушы буын. Дегенмен, бүгіндері кейбір жастар өздерінің Ұлы Дала елінің ұрпағы екенін ұмытқандай. Олар өмір ағымына ілесемін деп, ұлттық құндылықтарымызға немқұрайды қарайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу”, – деген болатын. Осы орайда, жастардан ұлттық тарихын білу мәселесі туралы ойларын сұраған едік. Оқырман назарына Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің оқушысы Динара Байтасова мен “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның инженері Руслан Уәлиевтің арасында өрбіген екі түрлі көзқарастағы пікірді ұсынамыз.
Динара Байтасова:
– Халқымыздың тарихымен, салт-дәстүрімен мектеп қабырғасында танысса да, үлкен өмірге жолдама алған соң көркем шығарма оқуға қызығушылық таныта қоймайтындардың қатары көбеюде. Жатталған тест аз уақыттың ішінде ұмытылады. Өйткені, алған біліміңді кітап оқу арқылы бекітіп отырмасаң, сарғайып, санадан өшетіні белгілі ғой. Мәселен, қазір жас информатикті немесе құрылысшыны тоқтатып, тарихтан сұрақтар қойсаңыз, жауап беруі екіталай. Өзімнің бірнеше жолдасым осындай “қақпанға” түсіп, жауап қата алмаған еді.
Руслан Уәлиев:
– Меніңше, жаһандану дәуірінде тарихты ақтара бергеннен гөрі болашаққа бағдар ұстағанымыз дұрыс. Жастық шақта болашаққа бет түзеген өркениетті елдердің білімі мен мәдениетін молынан игеріп қалғанымыз жөн. Ол үшін сол ұлттың тілін білуің керек. Әлбетте, бұл өзіміздің ана тілімізді ысырып тастау дегенді білдірмейді. Айтайын дегенім, өз халқыңның тілі мен тарихын ғана біліп, шектелу дұрыс емес. Қазір кейбір ортада орысша немесе ағылшынша сөйлей бастасаң, “өзінше” деп айдар тағып, менсінбейтіндер бар. Бұлай етуім ешқандай да “өзіншелік” емес, бұл – тіл үйренуге деген ұмтылыс.
Динара Байтасова:
– Сөзіңізден түсінгенім, сіз қазақ тілінде сөйлесеңіз де, тарихты, әдет-ғұрыпты білуге құмартпайсыз.
Руслан Уәлиев:
– Дәл солай! Қызығушылық болмаса, тарихи туындыны санаға сіңіру қиын. Оқушы кезімде “Абай жолы” романын оқуға оқталып едім, ынта-ықыласым өзге жаққа ауа берді. Ұстазым одан басқа кітаптарды оқуға кеңес берсе де, мен оңай жолды тауып, солардың желісімен түсірілген фильмдерді қарап жүрдім.
Динара Байтасова:
– “Абай жолын” оқымаған қазақ қазақ емес”– деуші еді атам. Жалпы, әңгімеңізден қазақ тарихына деген қызығушылық аңғарылып тұрған жоқ. Ісіңіз бен сөзіңізде үйлесім жоқ. Тарихқа құрмет – ұрпаққа міндет екенін ұмытыпсыз. Тіпті болмағанда, жеті атаңызды білетін шығарсыз?
Руслан Уәлиев:
– “Жеті атасын білмеген жетесіз” екенін жақсы түсінемін. Сондықтан аталарымның есімдерін әлдеқашан жаттап алғанмын.
Динара Байтасова:
– “Жеті атаны білу” деген ата-бабаларыңның есімдерін білумен ғана шектелмейді. Ол дегенің – сол жеті атаңа дейінгі тарихты білу, олар ұстанған әдет-ғұрыпты сақтау. Қазір жастардан осы тұрғыда ағаттық кетіп жатады. Өткенін ұмытқанның – болашағы күңгірт.
Дайындаған Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.