Қызылжар ауданының Преснов ауылдық кітапханасында елді мекен тұрғындары Н.Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласын талқылады.
Кездесуде кітапханашы Сәуле Жақыпова, ауылдық округ әкімі Абылай Жақыпов және ауыл тұрғыны Қайыржан Теміржанов Ұлт көшбасшысының еңбегіне кеңінен тоқталды. Елбасы мақаласында төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктей келе, тарихи сананы жаңғырту мәселесін көтеріп, осы орайда 6 бірдей жобаны ұсынды. Соның ішінде «Ұлы дала тұлғалары» серияларын шығаруды құп көреді. “Алты жобаның ішінде Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін құрастыру идеясы ерекше назар аударады. Президент мысал үшін ежелгі Отырар қаласының үйлерін, көшелерін, су құбырлары мен басқа да қоғамдық орындарын қалпына келтіріп, туристік нысанға айналдыруға болатынын айтады. Оның сыртында Алтын адам, жылқыны қолға үйрету, қару-жарақ пен сауыт-сайман дайындау сынды қанға сіңген шеберліктерімізді көрсетуге де мүмкіндік туады”, – деді Қайыржан Теміржанов.
Ауыл тұрғындары да өткенсіз болашақ жоқ екенін тілге тиек етіп, осындай тәрбиелік мәні зор шараларды көбірек өткізу жөніндегі ұсыныстарын білдірді.