Сексеннің сеңгіріне шыққан қартты көргенде бүтін бір әулеттің қадірменді ақсақалы ғой деген ой келеді. Биыл 80 жылдығын атап өткелі отырған өңіріміз де осы қарттардай мәуелі бәйтерекке айналды. Әр тасы мен әр түп шөбі шежіреден сыр шерткен өлкенің бастан өткені – тарих, бүгіні – кемел.
Бүгінгі таңда Қызылжар өңірі ел тарихы мен мәдениетіне, экономикасының өркендеуіне, ғылымы мен білімінің заман талабына сай дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Тәуелсіздігімізді алған 25 жылдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысы табысы зор, ырысы мол өлкеге айналды.
Татулығымыздың, жүкті жұмыла көтеретін бірлігіміздің арқасында барлық қиындықтарды еркін еңсеріп, көпэтносты өңірді құтты мекенге айналдыра білдік. “Қиын жылдарда да бір-бірімізге қабағымызды шытқан емеспіз” деген аға буынның тағылымынан болар, облыс орталығындағы Достық үйінде бір шаңырақ астында бірнеше этнос өкілінің емен-жарқын араласып жүргенінен-ақ шынайы татулықты аңғаруға болады. Өңірімізде осындай ахуалдың орнауына татар этносы да өзіндік үлес қосып келеді. Өзге этностарға қарағанда қазақ жеріне ертерек келіп қоныстанған татарлардың тағдыры Солтүстік Қазақстан облысының тарихымен бірге өрілген.
Осыдан 27 жыл бұрын құрылған “Дуслык” татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшелері еліміз тәуелсіздік алғанға дейін де, одан кейін де өңірдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бірлікті сақтауда аянбай еңбек етуде. Өңірімізде өмір сүріп жатқан 12 мыңнан астам татар этносы өткен сексен жылдың ішінде талай тарихи оқиғаларды бастан өткеріп, облыстың іргесі қаланған кезді көздерімен көріп, оның қалыптасуы мен дамуы жолында тер төккені шындық. Ал біз, яғни, жас ұрпақ, дамыған өңірде өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз. Ана тілімізді еліміз бойынша төрт мектептің бірі №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде, сондай-ақ, облыс орталығындағы №21 және Мамлютка қаласындағы орта мектепте үйреніп жүрміз.
Осындай мүмкіндіктер жасалған өңіріміздің алар асуы бұдан да биік болады деген сенімдемін. Себебі, жыл өткен сайын түрленіп, гүлденіп келе жатқан облыстың мақтанарлықтай жетістіктері жетерлік. Соңғы жылдары облыстағы инфрақұрылымдар дамып, өнеркәсіптік ірі жобалардың іске асырылуы нәтижесінде әл-ауқатымыз артып, тұрмысымыз жақсара түсті. Бірлігі мен тірлігі жарасқан өңіріміз өзінің торқалы тойын осындай табыстармен қарсы алғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Руфия МҰСТАФИНА,
“Дуслык” татар-башқұрт этномәдени
бірлестігі жастар қанатының жетекшісі.