
Мен 1920 жылы бұрынғы Преснов ауданына қарасты Баян ауылында дүниеге келдім. Анам бірнеше құрсақ көтерсе де, балалары шетіней беріпті. Содан тірі қалған ағам екеуміз жетімдіктің, жоқшылықтың дәмін татып өстік. Әкем Ахмет пен анам Айнажан ерте дүние салды. Өкінішке қарай, жалғыз бауырымнан көз жазып қалдым. Аласапыран кезеңде бір-бірімізді іздеуге мүмкіндік болмады. Алладан тек оның амандығын тілеумен болдым. Мен алдымен балалар үйін паналап, кейін Қызылжар ауданындағы Кривозерка ауылында тұратын жақын ағайынның қолында тәрбиелендім. Құдай қашанғы жылата берсін. 1939 жылы 15 жасымда ақ босаға аттадым. Тұрмысқа шыққан соң көрген қиындық артта қалды. Ол кезде жолдасым Шәкірмен Түмен облысына қарасты Ақкөл ауылында тұрдық. Өкінішке қарай, бұл бақыт көпке созыла қойған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ер-азаматтар елін жаудан қорғауға аттанды. Менің де жолдасым әскер қатарына алынды. Тұңғышымыз Мәлік ол кезде алты айлық болатын. Оның үстіне қайын атамның аяғы кем еді. Сондықтан барлық қиындық менің мойныма жүктелді. Атам 90-нан асқан шағында дүниеден өтті. Соғыс кезінде Омбы қаласындағы әскери зауытқа атпен ағаш тасыдық.
Шәкір қайын ініммен елге аман-есен оралды. Кейін алты құрсақ көтердім. Екі ұл мен бес қызды тәрбиелеп өсіру үшін күні-түні еңбек еттік. “Есің барда, еліңді тап” демекші, біз 1964 жылы туған елге оралуды жөн көрдік. Отағасымен балаларды көштен қалдырмауға тырыстық. Ұл-қыздарымның барлығы жоғары білім алды. Қазір тұңғышымның өзі 80-ге таяп қалса, қыздарым зейнетке шығып, әже атанып отыр. Мен сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже ретінде бақытты жанмын. Құдайға шүкір, 16 немере, 32 шөбере, 9 шөпшегім бар.
“Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” деген халқымызда тамаша тәмсіл бар. Бір кездері атамды алақанға салып, күтіп-бақсам, ұлым мен келінім Мәлік пен Құсни маған барынша қамқор болды. Қазір Кривозерка ауылында немерем Қайырбек пен келінім Дәрияның қолында тұрамын. Қазақтың әр қызы менің келіндерімдей болсын. Босаға аттаған келіндер сол әулеттің үлкендеріне қамқор болса, ертең жасаған жақсылығы мың есе қайтатынын айтқым келеді.
Отбасымызда барлық салт-дәстүрді қатаң сақтаймыз. Өзім 95 жасқа дейін бес уақыт намаз оқып, ораза ұстадым. Қазір денсаулығым сыр берді. Бір ғасыр жасаған қарияда қандай қуат болсын.
Өткен тарихтың куәсі болған облыстық “Soltústik Qazaqstan” газеті биыл өзінің бір ғасырлық мерейтойын атап өтпек. Бұл басылымның менің өмірімде алатын орны ерекше. Тасқа қашалған таңбадай газет бетінде өткен тарихтың ізі сайрап жатыр. Құрдас басылымның тарихы әріден бастау алады. “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Ленин туы” сынды атаумен жарық көрген қарт газеттің өткені мен бүгіні менің көз алдымда. Облыстың мұң-мұқтажын қағазға қаттап, оқырмандарға жаңалықты үзбей жеткізуде бұл газеттің алатын орны ерекше. Қоғам үшін қалтқысыз еңбек етіп отырған ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Көпті көрген қария, көп жасаған ана ретінде тілшілер қауымына ақ батамды бердім. Мен жатсам да, тұрсам да Алладан ұрпағымның амандығын, елімнің тыныштығын тілеймін. Кейінгі ұрпақ біз көрген қиындықты көрмей, Тәуелсіз Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін!
Зейкен САУЫТОВА.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Қызылжар ауданы.