Әкемнен қалған жалғыз тәбәрік– маржандай жазумен тізілген журналистік жолжазба блокнотын көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. Сағынған сәттерде қолыма алып, парақтаймын, өткенге ой жүгіртемін. Сонда әкем мен анамның күлім қаққан жарқын бейнесі көз алдыма келіп, жанымды әлдебір мұң торлайды.
Әкем – Ермек Құсайыновтың туған жері Өрнек. Аядай ғана ауыл демесең, оның құнарлы топырағынан небір таланттар қанат қаққан. Қалам ұстап, қара сөздің майын тамызғандардың өзі – бір шоғыр. Тұрсынбай Кәкімов, Әміржан Мәутенбаев, менің әкем Ермек Құсайынов, Болат Қожахметов, осылай жалғасып кете береді. Әкемнің саналы ғұмырының көп бөлігі облыстық «Ленин туында» өтті. 1963 жылы Алматыдағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, бірден осы басылымға орналасты. Кішкентай болсақ та, есімізде қалыпты. Әкемізді сирек көретінбіз. Үйден гөрі түзде көбірек жүреді. Алыс жолдан оралған кезде алдынан жүгіре шығып, мойнына асыла кетеміз. Сонда анамыз «Іссапардан шаршап келді, мазаламаңдар», – деп ескертсе, әкеміз керісінше, «Сені емес, құлдыраңдаған құлындарымды сағындым, осылар үшін асығып жеттім» деп, сөз аяғын қалжыңға бұрып, бауырына құшырлана қысатын. Қазіргідей озық технологиялар заманы емес. Ескі автобуспен ол кезде жердің түбі саналатын қазіргі Жамбыл, Шал ақын аудандарына жиі сапарлайтын. Түні бойы өндірте жазып, оны тәжірибелі машинист анамыз шапшаң басып беретін. Кез келген тақырыпқа қалам тербейтін. Десек те, ауыл десе, бір бүйрегі бұрып тұратын.
Әріптестері әкемнің тап-тұйнақ тазалығы мен бетің- жүзің бар демей тіліп түсетін өткір мінезін әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. «Ленин туына» жазылу науқаны басталғанда әкеме бекітіліп берілген мекеме мен кеңшар басшылары ерекше қарбаласқа түсетін. Әкем амандық-саулықтан бұрын түбіртекті сұрайтын көрінеді. Тауып бере алмаса, ләм-лим деместен кері бұрылып жүре беретін. Осы себепті әкем кіріп келгенде бірден түбіртекті көрсетеді екен.
Бір кіндіктен үш қыз едік. Ең кішкентайы болғандықтан, мені қатты еркелетті, үстімнен құс ұшырмады. Сырттағы адамға жүзі сұсты болғанымен, өте балажан- тұғын.
Раиса ҚҰСАЙЫНОВА.