Табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлеміндегі бірреттік әлеуметтік төлемді тағайындау бойынша жұмыстар жалғасуда. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы ұйымдастырған брифингте жауапты органдар басшылары аталмыш қаржылай көмек кімге және қалай берілетінін баяндап, төлем шарттарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Үкімет шектеу шаралары кезінде табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42500 теңгені бір айға төлеу жөнінде шешім шығарды. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде беріледі. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Елжасов хабарлағандай, өтініштер үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін қабылданады. “Бірреттік әлеуметтік төлем тағайындау “Электронды үкімет” веб-порталы, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін Enbek.kz порталы, Telegram-бот және 42500.enbek.kz, мобильді қосымша мен екінші деңгейлі банктердің интернет-ресурстары арқылы жүзеге асырылады. Өтінімді беру кезінде міндетті мәліметтерді еш қатесіз толтырған жөн. Мәселен, өтініш “Электронды үкімет” веб-порталы арқылы берілетін болса, онда тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыс штабы болып табылатын аудандық немесе қалалық жұмыспен қамту бөлімін дұрыс көрсету қажет. Сондай-ақ, телефон нөмірі қате жазылған жағдайда өтінішті қарастырғаннан кейінгі нәтиже бойынша хабарлама жіберу мүмкін болмайды. Сондықтан азаматтар телефон нөмірін анық және дұрыс көрсеткені жөн”, – дейді Ринат Елжасов.
Әлеуметтік қолдау бұрынғыдай жеке практикамен айналысатын азаматтарға; орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлеріне; жеке кәсіпкерлерге; бірыңғай жиынтық төлемді төлегендерге; карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлеріне және азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдарға көрсетілетін болады. “Өткен мерзімде біздің өңір бойынша бұл қаржылай көмек түрін алуға барлығы 106 955 өтініш түсіп, 105429 адамның жеке есепшотына жалпы сомасы 4 480 миллион теңге аударылды. Осылайша, төтенше жағдай кезінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы есебінен халыққа айтарлықтай әлеуметтік көмек көрсетілді. Алдағы уақытта да 42500 теңге көлеміндегі төлем азаматтарға тек кірісінен айырылу жағдайында тағайындалатынын атап өткен жөн. Әзірге бізге әлеуметтік төлемді алу бойынша 34 мың тұрғыннан өтініш түсіп отыр”, – дейді “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ облыстық филиалының басшысы Анар Жүнісова.
Жұмыс беруші мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлейтін әлеуметтік төлемді алу жөніндегі өтінішті жұмысшыларының атынан өзі беруі тиіс. Карантин кезінде еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы жұмысшылардың басшылары бірреттік әлеуметтік төлемді алу бойынша бұл міндетін орындамаған жағдайда азаматтар еңбек инспекциясына шағымдана алады.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.