«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТІНІШТЕРДІ ӨЗ ҚАРАУЫНА АЛДЫ

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев азаматтарды қабылдады. Қабылдауға келген “Болашақ” корпоративтік қорының директоры Дәурен Бектасов мемлекеттік сатып алу талаптарының тиянақсыздығы сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасап отырғандығын ашық айтты. Осы орайда Алик Жатқамбайұлы “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңның кейбір тұстарына өзгерту енгізу қажет екендігін мойындады. Жалпы мемлекеттік сатып алу төңірегіндегі түйінді мәселелер көп жылдан бері талқыланып келе жатқаны жасырын емес.

Қоғамдық қабылдауда кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту жайы да көтерілді. Өзінің басынан өткен жағдайды баяндаған “Бедем” ЖШС-нің директоры Сапарбек Құсайынов:

– Бірінші тексеріс нәтижесінде маған ірі бизнес субъектісі ретінде айыппұл салды. Бірақ мен шағын бизнес субъектісімін. Сондықтан қажетті құжаттардың барлығын жинап, сотқа шағымдандым. Сот менің өтінішімді қанағаттандырып, шағын бизнес субъектісі екендігімді растады, – деді.

Бұл шағымға облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жәналіновтың айтар өз уәжі бар. Департамент аталған жағдайдан кейін екінші рет тексеріс жүргізіп, қайтадан айыппұл салыпты. Алайда, кәсіпкер белгіленген 30 күн мерзім өтсе де, салығын төлемеген.

Қабылдауға келгендердің арасында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі органдарда жұмыс істегісі келетінін айтқандар да болды. Барлығының өтінішін тыңдаған Алик Шпекбаев: “Аумақтық ведомстволар мұндай сұрақтарды республикалық деңгейге жеткізбей, жергілікті жерде шешулері қажет”, – деген ескертуін жасап, көтерілген мәселелерді өз бақылауына алатынын жеткізді.

Фариза ЖАЗИТОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp