«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТІНІШТЕРІ – НАЗАРДА

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов “Nur Otan” партиясы облыстық филиалында азаматтарды қабылдады.
Петропавл қаласының тұрғыны Ләззат Мырзатаева облыс әкіміне жол мәселесі бойынша базынасын жеткізді. Оның айтуынша, “Береке” шағынауданындағы У.Громова көшесінде жолдың жоқтығы сол маңда тұратын тұрғындарды әбігерге салуда.

– Біздің шағынауданда жаңа үйлер бой көтеріп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жол мәселесінің бүгінге дейін шешілмеуі алаңдатып отыр, – деді Ләззат Мәулетқызы. Кездесуге қатысқан қала әкімі Болат Жұмабеков осы мақсатқа 60 миллион теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін қиыршықтас төселетінін айтты.
– Қалада 400 шақырым жол болса, соның тең жартысында ғана асфальт бар. Өздеріңізге белгілі, жыл сайын жоспарға сай қаланың ішкі жолдары жөнделуде. Сондықтан көп ұзамай бұл мәселе шешімін табады, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Қабылдауға келген ардагер ұстаз Сәуле Кереева облыстың кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің құрметіне өңір басшысынан саяжол салуға қолдау көрсетуін сұрады. Орталық саябақта аллея ашу мәселесі қарастырылып, облыс әкімі қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Ал Набережная көшесіндегі спорттық ойын-сауық алаңына кіретін жолды жақсарту қажет екенін айтқан қала тұрғыны Василий Шуньконың да өтініші қолдауға ие болды. Қабылдауға келген азамат “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында спорттық ойындарды дамытуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, жоба құны 15 миллион теңгені құрайды. Алдағы уақытта бұқаралық спортты дамыту мақсатында “Қарасай” стадионына қарсы беттегі саябақта спорттық алаң ашу көзделіп отырғанын айта кеткен жөн.
Кездесуге келген алты адамның өтінішін мұқият тыңдаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов осындай қоғамдық қабылдаулардың нәтижесінде күрмеуі қиын мәселелерді шешуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp