
“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтанов кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке өтініш-тілектеріне назар аударды.
Валентина Петрова әкесі, соғыс ардагері Борис Петровке оның өмірінің соңғы жылдары өткен үйде ескерткіш тақта орнату жөніндегі өтінішпен келді. Оның айтуынша, соғыстан кейінгі жылдарда облысаралық жазушылар кеңесі бөлімінің жауапты хатшысы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі болған Борис Петров туған өңірі және солтүстікқазақстандықтар туралы қыруар еңбек жазған. Ол өмірінің соңғы жылдарында Пушкин көшесінде тұрыпты.
Өңір басшысы мемориалды тақтаны орнату туралы шешімді қабылдау үшін бірқатар құжаттарды дайындап, оларды тиісті органдарға тапсыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, тұрғындардың келісімі қажеттігін де еске салды.
Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылында тұратын Қабден Кәлкеев өртеніп кеткен баспанасын қалпына келтіруге жәрдем сұрай келіпті. Ерік Хамзаұлы: “Он күннің ішінде сізге 75 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек көрсетілетін болады”, – деді.
Қызылжарлық бағбандарды толғандырған өзекті мәселелердің бірі – саяжайлардың су астында қалуы. Светлана Шестактың айтуына қарағанда, Пестрое көлінің маңындағы “Спутник-1” бағбандық қоғамы ойпаңда орналасқандықтан, жер учаскелері судың астында қалған. Облыс әкімі қала басшысына саяжай учаскелерінен суды сорып шығару мәселесін жылдам шешуді тапсырды.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.