Түрлі деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда. Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы жайлы Петровка ауылы тұрғындарымен кездесу барысында баяндады. Былтыр ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 33 млрд. теңгені құраған. Сонымен қатар бір жылда ауданда 6 кәсіпкерлік нысан ашылып, 3000 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Есіл ауданында ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Бір жылда 2000 бас ірі қара мал сатып алынған, 2 млрд. теңгеден астам демеуқаржы бөлінген. Есепті кезеңде 1600 адам жұмысқа орналастырылған. Бірақ екі қолға бір күрек таба алмай жүрген және жұмыссыздық бойынша есепте тұрған есілдіктер аз емес. Есептік кездесуде тұрғындар аудан басшысынан көшелерді жөндеу және жарықтандыру, Жеңіс жауынгерлерінің мемориалын қайта жаңарту жұмыстарына қатысты сауалдарын жолдады.
“Ауылымыздағы су тарату пунктінің жұмысы қашан жолға қойылады? Покровкада мәселе шешіліп жатыр, ал біздің ауылда бұл жұмыстар қашан басталмақ?” – деді Петровка ауылының тұрғыны Тамара Иговцева. Аудан әкімі өз кезегінде әр сұраққа жауап беріп, өтініштердің орындалуын тиісті орындар бақылауға алатынын жеткізді.
Есепті кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, аудандағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының өндірістік көрсеткіштері төмен, бұл өз кезегінде жер ресурстарының тиімді пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ, ет экспорты және егістік алқаптарға тыңайтқыштар сіңіру бойынша жұмыстар дұрыс жолға қойылмаған. Асқар Жоламанұлы 2019 жылға арналған кешенді жоспарды әзірлеу барысында түйінді мәселелерге баса назар аудару, соның ішінде мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде қатысу керектігін еске салды.
Майгүл СЕЙІЛБЕК.