«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТІНІШТЕР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің қорытынды есеп беру кездесуі өтті. Шаһардың орталық бөлігі, “Жас өркен” шағынауданы, Ойқала, Заречный, Кірпіш және Былғары зауыты кенттері тұрғындарының өтініштері тыңдалған жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Болат Серікұлы алдымен өткен жылы облыс орталығында атқарылған ілкімді істер жайлы баяндады.

– Өткен жылы қалалық әкімдікке тұрғындар тарапынан 17 мың өтініш келіп түсті. Соңғы үш жылдағы өтініштерге талдау жасап, олардың дені ұқсас екенін анықтадық. Қалалықтарды көбінесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері толғандырған. Осыған орай былтыр желтоқсан айында Петропавл қаласы әкімдігі жанынан “IKOMEK” диспетчерлік орталығы ашылды. Содан бері үйден шықпай-ақ 109 нөміріне хабарласқан қызылжарлықтар коммуналдық кәсіпорындардың жұмысына қатысты сауалдарына осы орталық арқылы жауап алуда. Мәселен, бірнеше қала тұрғыны көпқабатты тұрғын үйлердегі тозығы жеткен лифтерді жөндеп беруді өтінді. Облыс орталығында барлығы 346 лифт бар болса, соның 200-і жөндеуді қажет етеді. Ал 8-і, тіпті, істен шыққан. Біз Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетіне бюджеттік өтінім жасадық. Қаражат бөлінсе, баспаналардың шатырын және лифтілерін жөндеудің мүмкіндігі туады, – деді Болат Серікұлы.
Бұдан соң алма-кезек сөз алған тұрғындар өткен жылы облыс орталығында атқарылған ауқымды жұмыстарға ризашылығын білдіріп, өздерін мазалаған мәселелерді де бүгіп қалмады. Солардың бірі – Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, заңгер Павел Афанасьев облыс орталығындағы “Балдәурен”, “Ивушка” және “Ақбота” балабақшаларының тағдыры толғандыратынын жеткізді. Заңгердің айтуынша, бұл балабақшалар – қаланың меншігі. Ал оларға облыстық білім басқармасы иелік етіп, кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беріп қойған. Бұған дейін мемлекеттік кәсіпорын саналған бұл нысандардың барлығы қосымша қызметтердің арқасында табыс тауып келген. Яғни, оларды күтіп-ұстауға қаражат жеткілікті болыпты. Тағы бір түйткіл – қанағаттанарлық жағдайда тұрған балабақшаларды сенімді басқаруға беру кезінде шаһар депутаттарынан да, қалалық қоғамдық кеңестің өкілдерінен де келісім алынбаған.
Қала әкімінің орынбасары да бұл жайдан хабарсыз болғанын айтқан. Облыстық білім басқармасы да тіс жармапты. Оның үстіне депутат балабақшаларды сенімді басқаруға беру шарасында да шикілік бар деп ойлайды. Өйткені, облыстық мәслихат мемлекеттік-жекешелік әріптестер тізімін бекіту туралы шешімді өткен жылдың 4 қазанында қабылдаған. Ал тендер одан біраз уақыт бұрын, яғни тамыз айында өткізілген.
Депутаттың сауалына облыс әкімі Құмар Ақсақалов жауап берді.
– Өте нашар жағдайда тұрған балабақшалар ғана кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілуі керек. Бұл – мемлекеттің саясаты. Егер ғимарат қараусыз қалып, жұмыс істемей тұрса, оған мемлекеттің инвестиция құюға мүмкіндігі болмаса, қалпына келтіру жұмысына кәсіпкер тартылады. Ал аталмыш үш балабақша қанағаттанарлық жағдайда болды. Яғни, оларды сенімді басқаруға берудің қажеті жоқ еді. Бұл жерде облыстық білім басқармасының әрекетінде қателік бар. Мен осы жағдайға сәйкес баға беру үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне тапсырма бердім. Тексерістен кейін шешім шығарамыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Есептік кездесуде микрофон алған қызылжарлықтардың дені тұрғын үйлерінің аулаларын абаттандырып беруді өтінді. Букетов көшесі, 51 мекенжайының тұрғыны Лидия Терехова ауласына асфальт сапасыз төселгендіктен, ойылып қалғанын тұрғындар жаңбырлы күндері шалшық суды кешуге мәжбүр екенін жеткізді. Ол қалалық әкімдікке бірнеше рет өтініш жасаған соң комиссия келіп, қайтадан асфальт төсеуге уәде берген. Бірақ әлі ешбір өзгерісті байқамапты. Болат Жұмабеков биыл аулаларда атқарылатын жұмыстарды қабылдаудың регламенті әзірленгенін, енді бұл іске пәтер иелері кооперативінің төрағасы мен тұрғындардың өкілі қатысатынын алға тартты. Егер кемшілік анықталса, мердігер жұмысты қайтадан істеуге міндеттелмек. Облыс әкімі бұл жағдайға қатысты да пікір білдірді.
– Тұрғындар жұмыстарды басынан аяғына дейін бақылаулары керек. Аулаларда жасалатын жұмыстарға кепілдік беру мерзімін ұзарту қажет. Жұмыстар мердігердің қаржы үнемдеуінің салдарынан сапасыз жасалады. Олар кемінде 5 жылға кепілдік берулері тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жолаушылар тасымалына қатысты тұрғындар тарапынан айтылар сын аз емес. Мәселен, бір бағытқа қатынайтын қоғамдық көліктер көп, ал кейбір шағынаудандардың тұрғындары діттеген жерлеріне жете алмай әлек. Мысалы Ойқала кентінің тұрғындары Новопавловкаға бару үшін екі автобусқа отырып, ақша шығындап жүр.
– Қазір мамандар автобус бағыттарына зерттеу жүргізіп жатыр. Осылайша біз шаһарға нақты қанша қоғамдық көлік қажет екенін анықтайтын боламыз. Әйтпесе, қазір жолаушыларды тасымалдауға күн сайын 300-ге жуық автобус шығуда. Олардың көбі бір-біріне жақын жүріп, аялдамаларға жарыса жетеді. Салдарынан жол апаты болады. Наурыз айында зерттеу аяқталған соң автобустар саны қысқаруы мүмкін. Жаңа әрі жайлы автобустар сатып аламыз. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен тиісті қаражат қарастырамыз, – деді өңір басшысы.
Кездесу соңында облыс әкімі қала басшысына тұрғындар тарапынан түскен өтініш-тілектерді аяқсыз қалдырмай, тез арада шешуді тапсырды.


Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp