Кеше “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтанов кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке өтініш-тілектеріне назар аударды. Аталмыш шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков, білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова қатысты.
Білім беру саласында 40 жылдан астам жемісті еңбек еткен соғыс ардагерінің жесірі Валентина Попова Елбасына, өңір басшысына ризашылығын білдіре келіпті. Жеңістің 65 жылдығына орай өткізілген салтанатты парадқа қатысқан, Елбасының қабылдауында болған Валентина Самуиловна өскен ортасы жайлы естеліктер кітабын жазып, жергілікті баспаға тапсырғанын да тілге тиек етті.
Қызылжар ауданындағы Асаново ауылының тұрғыны Вильберт Йохеннің 113 гектар егістік алқабы бар, астық және мал өсірумен айналысады. Кәсіпкер үш адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ол егістік, шабындық және жайылымдық алқаптарды кеңейтуге көмек көрсетілуін сұрайды.
Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков аталмыш округте жер қоры бар екендігін, олар конкурс арқылы берілетіндігін, олардың алғашқысы наурыз айына белгіленіп отырғандығын жеткізді.
– Мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Тиісті құжаттарыңызды әзірлеп, наурыз айындағы конкурсқа қатысыңыз. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсететін боламыз. Нәтижесін келесі қоғамдық қабылдауда естиік, – деді Ерік Хамзаұлы.
(Өз тілшіміз).
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”