Кеше ипотекалық тұрғын үй несиелерін қайта қаржыландыру жөніндегі комиссияның екінші отырысы болып өтті.
Жиында Ұлттық банк филиалының директоры Жомарт Қажырақымов мемлекеттік бағдарлама бойынша жүйеге енгізілген қайта қаржыландырудың маңыздылығын айта келе, оның қарапайым халыққа өте тиімді екенін жеткізді. Ұлттық банк филиалы директорының сөзіне сүйенер болсақ, облыс тұрғындарының бағдарлама ережесіне сәйкес 2004 жылғы 1 қаңтардан 2009 жылғы желтоқсанға дейін берілген 130 млрд. теңгенің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру мүмкіндігі бар. Ең бастысы – қарыз 3 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша, қарыз мерзімін 20 жылға дейін ұзарту арқылы және валюталық қарыздарды теңгеге айырбастау жолымен қайта қаржыландырылады.
Ол бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бойынша облыста екінші деңгейлі 9 банк филиалы айналысып жатқандығын айтты.
– Салымшылардың атынан жазылған өтініштерді қабылдау әлі жалғасуда. Барлық жұмыс белгіленген тәртіп пен талапқа сай жүргізіледі, – деді Жомарт Қажырақымов.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов өткен отырыс барысында қаралған 3 өтінішке тоқталып өтті. Комиссияның шешімі бойынша екі жағдайда олар банк шешімімен келіссе, бір өтініш қайта қарауға жіберілді. Осы отырыста 7 салымшыдан түскен өтініш қаралды.
Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бойынша шамамен алғанда 800 адамның өтініш тапсыруға мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде 200 адамнан өтініш түсіп, оның 115-і қаралған. Ал қалғандары түрлі себептермен кері қайтарылған.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.