“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтанов қабылдау өткізді. Бұл жолы өздерінің өтініш, талап-тілектерімен сегіз адам келді. Олардың әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелескен Ерік Хамзаұлы айтылған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға уәде етті.
Төраға алдымен облыс орталығының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Дмитрий Сергеевті қабылдады. Қарт майдангер кезінде Қызылжар ауданына қарасты Николаевка елді мекенінде тұрған. Ауыл дүрілдеп тұрған шақта онда соғыста қаза тапқан боздақтардың есімдерін есте мәңгілікке қалдыру мақсатында ескерткіш қойылған екен. Алайда, бүгінде аталмыш ауыл ыдырап, жұрты ғана қалған. Сөйтіп, 168 адамның есімдері қашалып жазылған ескерткіш қараусыз қалды. Қария оны ауыл іргесіндегі қорымға көшіру керек деген ұсыныспен келіпті.
Бұл мәселе осыған дейін Бугровской ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің отырысында қаралып, онда ауылдағы соғыс ардагері Абрамовтың ескерткішті тұрған жерінде қалдыру керек деген өтініші қанағаттандырылыпты. Алайда, Дмитрий Петрович болса, ескерткіштің елсіз жерде тұрғаны дұрыс емес дейді. Мәселеден құлағдар болған облыс әкімі оны тағы бір мәрте ақылдасу керектігін айтып, осы жөнінде Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабековке тапсырма берді.
– Алда Жеңістің 70 жылдығы келе жатыр. Соған дейін бұл мәселені біржақты етіп шешіп, ескерткіштің маңайын абаттандыру керек. Осыны аудандық, ауылдық округ ардагерлері кеңесі мүшелеріне түсіндіріп, ортақ бір мәмілеге келіңіздер. Майданда шейіт болған боздақтар есімі ескерусіз қалмауы керек, – деді облыстық филиал төрағасы Ерік Сұлтанов.
Молдахмет Сұрағанов Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының маңында жерленген Жансүгір батырдың бейітін сақтап қалу жөнінде әңгіме өрбітті.
– Кезінде Кенесары көтерілісіне қатысқан батыр – артынан би болып сайланып, қазіргі біздің облысымыз бен көршілес Ақмола облысы аумақтарындағы даулы мәселелердің оң шешімін табуына көп ықпал еткен адам, – деді сөз төркінін тарихтан тартқан Молдахмет аға. Қазір батыр жерленген ескі зират егіс алқабының ортасында қалыпты. Ауыл тұрғындарының батырдың басына орнатқан ескерткіш белгісі бүгінде үгіліп кетіпті. Уақыт өте ол жер мүлдем тегістеліп кетуі де мүмкін. Осыны алға тартқан ақсақал Жансүгір батырға кесене тұрғызылса деген ұсыныс айтты.
– Елдің атын шығарған тұлғалар есімі тарихта мәңгі сақталуы керек. Бұл ретте сіздің көтерген мәселеңіз орынды. Оның шешілу жолдарын қарастыруды өзімнің орынбасарым Анархан Дүйсеноваға тапсырамын. Ол жағдайды жан-жақты зерттеп, сізге нақты жауабын жеткізеді, – деді Ерік Хамзаұлы.
Сондай-ақ, Молдахмет Сұрағанов бүгінгі күні Аралағашта да отбасылардың үдере көшуі басталғандығын айтты. Оған себеп – жұмыссыздық. Осы орайда қария ірі серіктестіктер ауылдан қосымша жұмыс көздерін ашса дұрыс болар еді деген ойын ортаға салды. Ерік Хамзаұлы сауалдың орынды екендігіне тоқталып, бұл мәселені оң шешу жолдары іздестірілетінін айтты.
Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернат үйлері баршылық. Ондағы тәрбиеленушілер сонда тұрып, оқуды да сонда оқып келген. Қазір интернат жанындағы оқу орындарын қысқарту мәселесі көтеріліп жатыр. Интернаттағы мектепті жауып, ондағы балаларды қала мектептеріне сенделткеннен, керісінше, сол маңдағы мектеп оқушыларын интернаттағы мектепке әкеп оқытса дұрыс болар еді, дейді ардагер ұстаз Валентина Кондратова.
– Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат 1986 жылы ашылған болатын. Бүгінде онда 125 бала тәлім алуда. Мектебіміздің материалдық-техникалық базасы мықты. Біз жақтан жаңа мектеп салынғанша, сол маңдағы балаларды, керісінше, біздегі білім ошағында оқытсақ дұрыс болар еді, оның үстіне қаржы үнемдеуге де тиімді, – деді Валентина Кондратова.
Партия филиалының төрағасы бұл ойдың дұрыс екендігін айтып, жуық арада интернаттың жағдайымен танысып, жасалған ұсыныс жайлы нақты шешім қабылдайтындығын тілге тиек етті.
Кәсібі бардың нәсібі бар. Бұл ретте өз ісін ашамын дегендерге билік тарапынан қашанда қолдау бар. Осыны пайдалануды жөн санаған Сергей Васильев Қызылжар ауданындағы көлдердің бірін жалға алып, онда балық өсіруді көздепті. Алайда, 4,5 жылдан бері мақсатына қол жеткізе алмай келеді. Бұл ретте облыстық балық инспекциясына да сан мәрте барған. Бірақ одан түк шықпапты. Себебі, соңғы бес жылда көлді жалға беру туралы тендер бірақ рет өткізілген. Осылайша табанынан тозған С. Васильев өтінішін көшбасшы партия арқылы шешуді жөн санапты.
– Ойыңыз құптарлық. Конкурсқа қатыстырамыз. Қажетті құжаттарыңыз бен инвестициялық бағдарламаңызды әзірлеңіз. Жобаңыз қолдау табатын болса, қаржыландыру мәселесі де шешіледі, – деді Ерік Сұлтанов.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.