«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТІНІШТЕР ОРЫНДАЛМАҚ

“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір бас­шы­сы Құмар Ақсақалов Оқушылар сарайындағы “Қызылжар – адалдық алаңы” кабинетінде азаматтарды қабылдады.

Петропавлдық Владимир Овечкин Есіл өзенінің жағалауын, Петропавл те­мір жол вокзалы алаңын абаттандыру бойынша өзінің ұсынысын айтты. Бұл бастаманы құп көрген өңір бас­шысы Петропавл қаласының әкімі Бо­лат Жұмабеков пен облыстық энерге­тика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшы­сы Әділбек Әубәкіровке оны жүзеге асыру бағытында жұмыстарды жоспар­лауды тапсырды.
Меруерт Көшембаева “Аналар үйі” қоғамдық бірлестігін басқа қонысқа көшіру мәселесін көтерді. Бұл қоғамдық бірлестік жекеменшік үйді жалға алған. Алайда, ол тарлық етуде. Бес жылдан бері жұмыс істеп тұрған бұл үйде бүгіндері тағдыр талқысына түс­кен жеті әйел перзенттерімен тұрып жатыр, оған меценаттар қайырым­ды­лық көмегін көрсетіп тұрады. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова заң аясында бұл қоғамдық бірлестікке көмек көрсетіле­тінін айтты.
“Гиперкирпич СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Ещанов инновациялық өнім саналатын, жергілікті жерде шыға­рылатын лего кірпішті облыс аумағын­дағы құрылыс жұмыстарына пай­да­лану жайындағы ойларымен бөлісті. Кәсіпорын ай сайын 90 мың кірпіш шығара алады және бағасы қолже­тімді. Өңір басшысы облыстық құры­лыс, сәулет және қала құрылысы мен ин­дустриялық-инновациялық даму басқармаларының басшылары Серік Мұхамедиев пен Арман Оразғұловқа бұл ұсынысты назарға алуды тапсыр­ды. Ал “Жас кәсіпкер” жобасы аясында оқып жатқан Қай­рат Жұмади өзінің сырқаттарды емдеу бағытындағы жұмысына билік тарапы­нан қолдау тапты.
Бескөл ауылының тұрғыны Жанна Мұхаметжанова облыс әкіміне жеке ба­сындағы қиын жағдайды баяндады. Төрт жылдан бері қар еріген кезде оның үйі су астында қалады екен. Со­ның салдарынан үйі қысы-жазы сыз тартып тұрады, бұл отбасы мүшелері­нің сырқаттануына әкеліп соқтырған. Өңір басшысы Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасовқа су тасқы­нына қарсы іс-шаралар шеңберінде ауыл тұрғынына көмектесуді тап­сырды.
“Nur Otan” партиясы облыстық фи­лиалының төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақалов жеке қабылдауға келген азаматтардың өтініштерінің орын­далуын өзінің бақылауына алатынын мәлімдеді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp