«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТІНІШТЕР САНЫ АРТҚАН

“Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шығып, өңір тұрғындарына атқарылып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.

Тікелей эфир барысында солтүстікқазақстандықтардан 200-ге жуық өтініш-тілек түссе, оның дені – 42500 теңге әлеуметтік төлем, “Biz birgemiz!” қорынан материалдық көмек, сондай-ақ, азық-түлік себеттерін алуға қатысты болды. Көтерілген мәселелердің көпшілігі сол жерде шешімін тапса, бір бөлігі партияның бақылауға алынды.

Әсем Рахметованың айтуынша, наурыз айының соңынан бастап “Jas Otan” жастар қанатының волонтерлерінің күшімен облыс бойынша 1900-ден аса мұқтаж адамға атаулы көмек көрсетіліпті. Оларға антисептикалық, гигиеналық құралдар және бірінші қажеттіліктегі өнімдер таратылған. Ал Петропавл қаласы бойынша мұндай қолдау 875 адамға көрсетілді. Осындай қолдау шаралары партия мүшелері тарапынан әлі күнге дейін жалғасып жатқандықтан, тұрғындар азық-түлік себетін алу жөніндегі өтініштерін облыстық, қалалық және аудандық партия филиалдарының “жедел желілері” арқылы жеткізе алады.

– Біздің еріктілер күн сайын он шақты мекенжайды аралайды. “Biz birgemiz!” партиялық акциясын облыстың белсенді азаматтары, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, спортшылар, журналистер қолдады. Біздің облысымызда “Birgemiz – Qyzyljar” аймақтық қоры жұмыс істейді. Осы күнге дейін 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмекті 3669 мұқтаж тұрғын алды. Төлемдерді ұйымдастыруды, үйлестіруді және бақылауды “Nur Otan” партиясының өңірлік филиалы жүзеге асырады, – деді Әсем Рахметова.

Алдағы күндері Елбасының тапсырмасы бойынша қаржылық көмектің екінші легі беріле бастайды. Жоспар бойынша 7844 адамды қамту көзделіп отыр. Әсіресе, коронавирусты жұқтыру мен тарату қаупі жоғары және уақытша жұмыссыз қалған Петропавл қаласының тұрғындарына басымдық беріледі. Қордан көмек алдын ала белгіленген жеті санат бойынша көрсетіледі. Олар: аз қамтылған көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының тізіміне кіретін зейнеткерлер, жетім балалар мен асыраушысының бірінен айырылған балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген мүгедектер, сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайда жүрген тыл еңбеккерлері. Көмек алушылардың тізімін жергілікті атқарушы органдар жасайды.

Бүгінгі таңда қоғамдық қабылдау жұмысы онлайн үлгіге көшкендіктен, биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азаматтардан түскен өтініштердің саны 57 пайызға артыпты. Сол себепті, тікелей эфирді алдағы уақытта да тұрақты негізде өткізу жоспарланып отыр.

 

Ілияс СӘБДЕНОВ,

“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp