Облыс орталығының 46 жастағы тұрғыны Петропавл қалалық сотының үкімімен лаңкестік туралы жалған ақпарат таратқаны үшін екі жылға бас бостандығынан айрылды. Оқиға өткен жылдың 9 қарашасы күні Заречный кентіндегі үйлердің бірінде орын алған. Петропавл қаласының ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына белгісіз ер адамнан “бомба” қойылғандығы жайлы хабар түскеннен кейін аталған мекенжайға тиісті органдардың қызметкерлері дереу жетеді. Олар ғимаратты тексеру барысында ешқандай да жарылғыш зат табылған жоқ. Бірақ жұртты дүрліктірген күдіктіні тәртіп сақшылары уақыт оздырмай ұстады. Ол полицияға телефон шалғанда мас күйде болғанын айтып ақталғанымен, оның үстінен еліміздің Қылмыстық кодексінің “Терроризм актiсi туралы көрінеу жалған хабарлау” бабы бойынша іс қозғалды. Сотта полицияның айғақтарымен кінәсі толық дәлелденген азамат енді жазасын түзеу мекемесінде өтейтін болады.
Былтыр облысымызда бірнеше жалған терроризм фактісі тіркелді. Өтірік айтып, көпшілікті әбігерге салатындардың арасында егде жастағылар да бар. Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласының жергілікті ішкі істер бөлімінің кезекшілеріне мұндағы үйлердің біріне бомба қойылғаны туралы белгісіз әйел хабарлайды. Ал оған бұл ақпаратты телефон арқылы беймәлім ер адам жеткізген. Айтылған мекенжайға жеткен құтқару тобының қызметкерлері ешқандай жарылғыш зат тапқан жоқ. Жұртты дүрліктерген осы елді мекенде тұратын 75 жастағы зейнеткер болып шықты. Оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалды.
Облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжановтың айтуынша, бүгінгі күні полицейлер жалған хабар берушілерді дереу анықтау мүмкіндігіне ие болып отыр. Қолданыстағы заңнамалық құжаттарда осындай қылмыс түрі үшін алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Өткен жылы осындай 5 оқиға тіркеліп, олардың барлығы да ашылды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.