– Мұратбек Ғалымжанұлы, жыл басында Президенттің тапсырмасы негізінде еліміздің барлық өңірінде киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылған болатын. Осы мекеменің жұмысына кеңірек тоқталып өтсеңіз. Мамандар өршіп тұрған киберқылмысқа қарсы қандай шаралар қабылдауда?
– Киберқылмыстың көбеюі біздің елімізді ғана емес, дүниежүзін алаңдатып отыр. Мұның негізгі себебін цифрлық технологияның, ЖИ-дің қарқынды дамуымен байланыстырамыз. Қылмыстың бұл түрін тұсаулау үшін жыл басында Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне жергілікті полиция департаменттері жанынан киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармалар құру туралы тапсырма берді. Біздің басқарма үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында құрылды. Басқарманың негізгі міндеті: киберқылмыстардың алдын алу, алаяқтардың әккі әрекетін дер кезінде анықтау, халықтың құқықтық сауатын арттыруға ықпал ету, сандық дәлелдемелерді жинау. Бір жылға жуық уақыт ішінде мамандар 643 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді. Бір өкініштісі, алаяқтар цифрлық кеңістіктің анонимділігін, әлеуметтік инженерияны, нейрожелілер мен дипфейктерді пайдаланып, айласын асырып жатыр. Олар азаматтарды жергілікті билік өкілдері, банк қызметкері, пошташы, халықаралық құрылымдардың өкілі болып, алдауды шебер меңгеріп алған.
Өңірімізде киберқылмысқа қатысты деректер 2020 жылдан бастап өсіп келеді. Әлемді бір түйір тарының қауызына сыйдырған коронавирус пандемиясында тұрғындардың көбі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге иек артты емес пе? Интернет игілігі күрт дамығалы алаяқтық да одан қалысар емес. Қылмыскерлер «оlx.kz», «krisha.kz», «kolesa.kz» сияқты жарнамалық-сатып алу платформаларын пайдалануға тырысады. Біз күн сайын осы сайттардағы ондаған ұялы байланыс нөмірлерін бұғаттаймыз. Шыны керек, әлеуметтік желіде ашылып жататын түрлі жарнамалық парақшаларды бақылау мүмкін болмай бара жатыр. Оған кадр тапшылығы да әсер етуде.
Жуырда аудандарды аралап, жергілікті тұрғындар мен полицейлерге интернет-алаяқтықты анықтау және жолын кесудің заманауи әдістерін үйреттік. Қазіргі уақытта департаменттің аудандық бөлімшелеріне «Anti-fraud-орталық» және «Кибернадзор» базалары орнатылуда. «Anti-fraud» жүйесі алаяқтардың қысымымен жасалатын ақша аударымдарын жедел бұғаттауға мүмкіндік береді. Оның аясында аудандағы мамандар ақпаратты облыс орталығына жібермей-ақ, бұғаттауды өздері орындайды. «Кибернадзор» — интернеттегі жалған жарнамаларды және өзге де құқыққа қайшы контентті бұғаттауға арналған жүйе. Біз бір жыл ішінде осы жүйенің көмегімен 3670 сілтемені бұғаттадық.
– Былтыр облыстық прокуратура өкілдері азаматтардың қаражатын қолды қылып, банкоматтардан сыпырып алатын алаяқтардың сыбайласы – дропперлерге ешқандай шара қолдана алмай отырған полицияның жұмысына сын таққан болатын. Қарапайым халық дроппер деген терминнің қандай мағына беретінін де білмеуі мүмкін. Жалпы дроппер деген кім?
– Иә, қарапайым тұрғындардың көбі алаяқтардың үшінші жақты өзіне көмекке тартатынын біле бермейді. Үшінші жақ деп отырғанымыз – дропперлердің нақ өзі. Олар алаяқтық схемасының негізгі қатысушылары. «Шотыма түскен ақшаны банкоматтан алып, талап еткен адамға бердім» дейді де сүттен ақ, судан таза болып құтылып кетіп жатады. Дроппер деген сөздің өзі ағылшын тілінен аударғанда лақтыру, түсіріп алу деген мағынаны білдіреді. Олардың қызметі қандай? Киберқылмыстың ірі өкілі (ол шетелде болуы да мүмкін) дроппермен алдын ала келісіп, банктен шот аштырады. Ал өзі ақшасын алдап алған зардап шегушіге дроппердің шотын айтып, ақшасын соған аудартады. Ал дроппер банкоматтан бұл ақшаны алып, алаяқтың қолына ұстатады. Мұндай алдау-арбауға зейнеткерлер жиі тап болады. Зейнетақы берілетін кезде біз дропперлерді құрықтау үшін рейдтік іс-шаралар ұйымдастырамыз.
– Киберқылмысқа қатысты фишинг және кликджекинг деген терминдер де жиі қолданылады. Осының аражігін ашып бересіз бе?
– Фишинг – тұрғындардың жеке деректеріне (логиндер мен құпия сөздер) қол жеткізуге бағытталған интернет-алаяқтық. Бұл жағдайда алаяқтар әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзуға тырысады. Ал кликджекинг – интернет пайдаланушыларын алдау механизмі. Қылмыскер интернет дүкендерде бейтаныс адамның есебінен сауда жасайды. Сіз оны білмеуіңіз де мүмкін.
– Қазір, шыны керек, жанымыздағы жақынымыздан күмәнданатын жағдайға жеттік. Алаяқтар алдаудың қай схемасын жиі қолданады?
– Біз күн сайын заңсыз контенттерді анықтау мақсатында интернет желісіне мониторинг жүргізіп, күмәнді сайттар мен сілтемелерді киберқадағалау жүйесіне енгіземіз. Тәжірибе көрсеткендей, жасы алпысқа таяған жандар алаяқтардың құйтырқы әңгімелеріне сенгіш келеді. Алдау схемасына келетін болсақ, арам ниеттілер «eGov Mobile» қосымшасын жиі қолданады. Олар, ең алдымен, нысанаға алған адамның телефон нөмірін тауып алады. Содан кейін сол нөмір арқылы «eGov Mobile»-ға тіркеліп, құпиясөзге қол жеткізеді. Нөмір иесіне хабарласып, «психологиялық ойын» ойнайды. Мақсатына қол жеткізгеннен кейін банктен онлайн несие алуға өтініш береді. «Sim-картаңыздың қолданылу мерзімі аяқталғалы тұр екен. Егер әрі қарай қолданамын деп шешсеңіз, телефоныңызға келген кодты айтып жіберіңіз» деп хабарласатындар да көп. Енді біреулерге емханаданбыз, тіркеуді растау үшін құпия сөз жібереміз дейді. Ойларында ештеңе жоқ сенгіш адамдар 1414 бірыңғай нөмірінен келетін құпия сөзді айтып қояды. Бірақ әңгіме мұнымен тамамдалмайды. Арада біраз уақыттан соң оларға полиция, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық банктің атын жамылған әлдебіреулер телефон шалады. Олардың айтатыны мынау: «Алаяқтарға алданып қалыпсыз, құпия сөзді айтпауыңыз керек еді. Енді мойныңызға бәленбай миллион несиені артып қойған. Шұғыл түрде мұны қауіпсіз шотқа аудармасаңыз немесе қарсы несие рәсімдемесеңіз жағдайыңыз қиындайды». Өз көлеңкесінен өзі қорқып отырған адам мына әңгімені естіген соң одан сайын шошып, алаяқтардың пәрменін қалай орындағанын өзі де аңғармай қалады.
– Ал балаларды кибершабуылдан қалай қорғаймыз?
– Бәріміз бала тәрбиелеп отырмыз. Ата-аналарға балаларды қорқыныш шеңберінде ұстамаңыздар деп айтқым келеді. Айналасын аппақ қардай таза ниетпен қабылдайтын оларға киберқылмыс тақырыбын ашық айту керек. Интернетті өзіңе зиян келмейтіндей пайдалану дағдысын, жеке деректерді қалай қорғау керектігін, күдік тудыратын байланыстардан қалай аулақ болуды және цифрлық кеңістікте өзгелерді құрметтеуді үйрету маңызды. «Бейтаныс адамдарға қайда тұратыныңды, аты-жөніңді, қай мектепте оқитыныңды, ата-анаңның телефон нөмірін айтпа» деген сөзді де қайталап отыру артықтық етпейді. Аналарымыз кішкентай кезімізде: «Көшеде жүрген адаммен сөйлеспе» деп ескертіп отыратын. Қазіргі балалар интернет деп аталатын көшеде күні-түні жүреді. Онда кіммен пікір алмасып отырғанын, немен айналысып жүргенін қадағаламаса тағы болмайды. Өңірде биыл балаларға қатысты киберқылмыс дерегі теркелмегенін айта кеткім келеді.
– Адамдардың алаяқ болып тумайтыны белгілі. Бұл теріс қылық адамның бойына жүре келе жабысады. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Біз көбіміз ауылда өстік. Көршілерімізге Құдайдай сенетін едік. Тіпті ата-анамыз той- томалаққа, дұға-баталарға кететін кезде үйдің сыртқы есігін жіппен байлап немесе көмір салатын шелекпен тіреп, көршілерге тапсырып кететін. Қазір көрші түгіл жанымыздағы жақынымызға сенбейміз. Жалпы бұл мәселені тереңірек зерттегенде біз адамның біреуді алдап-арбауына бала кезінде алған жарақаттары әсерінен үйір болатынын білдік. Мұны психологтар да растап отыр. Бала жеті жасқа дейін әке-шешесі арқылы қоғамды таниды екен. Яғни кез келген дүниені ата-анасының көзқарасы негізінде қабылдайды. Жеті жастан кейін оған басқа адамдар: ұстазы, досы, парталасы идеал болуы мүмкін. Ата-аналар баласын кішкентай кезінде көп өтірік айтып, алдаса, «Бала не біледі дейсің?» деген оймен сәбиінің бойындағы сезімдерін, ойын, сұраныстарын құнсыздандыратын болса, «Мені жақсы көретін адамдар маған осылай қарым-қатынас жасап жатса, яғни бұл қалыпты жағдай» деген ой түпсанасында қалыптасады. Өскен кезде ата-анасынан алған тәжірибені қолданатын болады. Басқаларды алдап арбау, пайдалану қалыпты деп ойлайды. Балаға «Жыламасаң, кәмпит беремін», «Көзіңді жұм, мен жасырынамын», «Ойыншық ұшып кетті», «Былай жүрсең құлайсың» деген сөздерді айтарда да (егер шындыққа жанаспаса) абай болу керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Дайындаған
Нұргүл ОҚАШЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.