«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢДЕУ САЛАСЫНЫҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТУ КЕРЕК

Өңірімізде шикізат қоры мол болғанымен, оны өңдеу жағы ақсап тұр. Ресейдің сапасы төмен, бағасы арзан шұжықтары отандық өнімдерді дүкен сөрелерінен ығыстыра бастағаны белгілі, енді үлкен құрылыс алаңына айналған өңіріміз кірпішті сырттан тасуға мәжбүр болып отыр. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында импорт алмастыру мәселесі және 2019-2021 жылдарға арналған өңірді дамытудың кешенді жоспарының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Әкімдіктің кезекті отырысы облыс әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасарын таныстырудан басталды. Бұл қызметке Ғани Нығыметов тағайындалды. Ал бұған дейін әкімнің орынбасары болған Руслан Әлішев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы “Орталық коммуникациялар қызметі” республикалық мемлекеттік мекемесінің директорлығына ауысты.

Өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен 83 кәсіпорын айналысады. Өткен төрт айда олар шығарған азық-түліктің үлесі өндірістің облыстық көлемінің 49 пайызын, ал өңдеу саласының 70 пайызын құраған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов сүт, ұн, ет, нан-тоқаш өнімдері, май өндірісі қарқын алғанын атап өтті. Мәселен, өңірімізде 14 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.

Жыл басынан бері 122,7 мың тонна сүт өндірілген. Осының арқасында шетелден әкелінетін сүт өнімдерінің үлесі 2 пайызға азайыпты. Ет өңдейтін 11 кәсіпорын жыл басынан бері 27,4 мың тонна ет өнімдерін шығарған. Алайда, ірімшікке, сүзбеге, қарақұмыққа деген сұраныс тиісті деңгейде қамтылмай отыр. Мәселен, ірімшіктің – 34, сүзбенің – 10, ал қарақұмықтың 38 пайызы ғана өз өніміміз.

Құрылыс саласы материалдарын өндіруде де көш соңындамыз. Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтің айтуынша, соңғы жылдары құрылыс материалдарын шығаратын ірі өндіріс орындары іске қосылмапты. Ал сырттан тасымалдауға мәжбүр болып отырған кірпішті өзімізде өндіреді деп сенім артқан зауыт әлі жұмысын бастамаған.

– Өңірімізде әр салада түрлі жобаларды жүзеге асыру арқылы импорт алмастыруды көздеп отырмыз. Біз өзге өңірлер мен шетелге тәуелділікті азайтуымыз керек. Тұрғындарды өзімізде өндірілген сапалы, экологиялық таза және бағасы қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Біздің осы тұрғыда көптеген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігіміз зор, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов аграрлы өлке ұнды ішкі қажеттіліктен – 59, сүт пен макарон өнімдерін – 22, картопты –9, майды 6 есе артық өндіретінін айтып өтті. Соңғы үш жылда азық-түлік өнімдерін өндіру мен өңдеу көлемі артқанымен, таңдау аз. Былтыр 56 мың тонна ет өндірсек, оның тек 8400 тоннасы ғана өңдеуге жіберілген. Өңір тұрғындары жылына 36 мың тонна ет тұтынады екен.

Әкімдік отырысында 2019-2021 жылдарға арналған өңірді дамытудың кешенді жоспарының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Облыстық экономика басқармасының басшысы Арсен Қазыбеков 12 бағыттан тұратын кешенді жоспарды жүзеге асыру барысында өңірдің дамуында оң серпін байқалғанын тілге тиек етті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнім көлемі 11,7 млрд. теңгеге артса, жеке инвестиция үлесі 83 пайызға дейін өскен. Шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 29,7 пайыздан 31,4 пайызға көтерілген. Орталықтандырылған ауызсумен қамту 55,7 пайыздан 62,4 пайызға жеткен. Оңтүстіктен көшіп келушілер үшін 426 үй салынып, екі мыңнан аса адам Қызылжар өңіріне тұрақтады. Сондай-ақ, үш жылдық кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жалпы өңірлік өнім көлемі 5 пайызға артыпты.

Кешенді жоспар аясында облыстық полиция департаментінің материалдық техникалық базасын нығайтуға 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар “Береке” шағынауданында қызметкерлерге арналған 6 пәтерлік тұрғын үйі бар заманауи өрт сөндіру депосы, Пестрое көлінің жағалауына жедел-құтқару жасағына арналған ғимарат салынбақ. Бұған 881 млн. теңге қаржы бөлініп, қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.

– Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген кешенді жоспар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берді. Өткен жылы үш жылдық жоспардың алғашқы кезеңін жүзеге асырдық. Биыл оның екінші жылына жоспарланған шараларды орындайтын боламыз. Онымен қоса, өңірді дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша да қаржы бөлінуде, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі жиын соңында өңірімізде карантиндік шаралар кезең-кезеңмен жеңілдетіліп жатқанына тоқталып, тұрғындардан әлі де сақтық шараларын қатаң ұстануды сұрады. Ал жұмысына кіріскен кәсіпорындар санитарлық талаптарды сақтамаған жағдайда қайтадан жабылады. Өңір басшысы тиісті органдарға кәсіпорындарды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp