«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС НЫҒАЯДЫ

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облысымызға жұмыс сапарымен келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев бастаған делегация мүшелерін қабылдап, алда тұрған ауқымды жұмыстар жайын пысықтады.

Өнеркәсіп саласы өркен жайған солтүстікке өңірге табан тіреген Батыс Қазақстаннан келген делегация құрамында белгілі “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.” компаниясының өкілдері де бар. Алдымен қонақтар мұнай-газ өндіру мен өңдеу, мұнай-химиялық, химиялық, газ, энергетикалық және басқа да өнеркәсіп салаларына арналған жабдықтар шығарумен айналысатын Қазақстандағы ең ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ өндіріс кешенінің мүмкіндігімен танысты. Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтып, өнеркәсіп саласына арналған кез келген құрылғыны шығару қолдарынан келетінін жеткізді. Кәсіпорын мұнай-газ саласында 300-ден астам құралдар шығарып, мобильді бұрғылау кешендері мен өзге де қажетті жабдықтарды жасаған.

Өндіріс орнында “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В” компаниясының бас директоры Ренато Мароли өнеркәсіп салаларына арналған жабдықтарға ерекше қызығушылық білдірді. Журналистерге берген сұхбатында ол компанияның бірнеше жобаны кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтып, біздің өңірге жергілікті өндірушілердің мүмкіндігімен танысу мақсатында келгенін жеткізді. Сондай-ақ, жобаларды жүзеге асыруда жергілікті кәсіпорындардың үлесін арттырып, қызметкерлерді оқыту мен технологиялар алмасуда халықаралық компанияларды тарту жоспарлары бар екен. Батысқазақстандық қонақтар зауыттың құрылымдық-технологиялық орталығында болып, жобалардың эскиздік нұсқаларын тамашалады. Сонымен қатар, олар “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС мен “Мұнаймаш” АҚ-ның өндіріс кешендеріне де ат басын бұрды.

 

– Бүгінде өзге облыстармен әріптестік байланысымыз нығайып келеді. Елбасымыз “Нұр Отан” партиясының 17-ші съезінде өңіраралық ынтымақтастық байланысты дамыту қажеттігін айтқан болатын. Мұндай кездесулер жаңа деңгейге көтерілуімізге ықпал етіп, өзара сауда-саттық, мәдени, білім салаларының дамуына жағдай жасайды деп ойлаймын. Облысымызда агроөнеркәсіптік кешен негізгі сала болып саналады, – дей келе Ерік Хамзаұлы өңірде машина жасау жақсы дамығанын және он кәсіпорын қажетті құрал-жабдықтар шығарумен айналысатынын жеткізді. Жақсы техникалар, құрал-жабдықтар жасап шығару қолдан келетініне ерекше екпін түсіріп, алдағы уақытта өзара әріптестік байланысты нығайтып, батыс-қазақстандықтармен ынтымақтаса жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктерімізді жұмылдыратын боламыз, – деді.

Өз кезегінде сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев екі өңірдің өзара әріптестік байланыс орнатуға мүмкіндіктері зор екенін баса айтып өтті. Ал Ренато Мароли өңірдегі бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, ерекше әсер алғанын жеткізді. Өздерінің өнеркәсіп саласындағы өндіріс орындарын байланыс орнатуға дайын екендерін мәлімдеді.

Кездесу соңында облыстар арасында ынтымақтастық байланысты нығайтуды көздейтін меморандумға қол қойылды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp