«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ — ТИІМДІ ЫҚПАЛДАСУ АЛАҢЫ Шығыс Қазақстан облысының Солтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет күндері осыған көз жеткізді

 

Абайдай алыбы, Шәкәрімдей шежірешісі, Мұхтардай мұхиты бар өңірдің өнерден де, әдебиеттен де, мәдениеттен де кенде қалған жері жоқ. Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің рухани ғана емес, өндірісінің де ордасы. Үйренер тұстарымыз бар екені сөзсіз. Абайдың елі Мағжанның жеріне келіп, мәдениет күндерін өткізіп, өңіраралық ынтымақтастықтың озық үлгісін көрсетті.

Бірі – еліміздің солтүстік қақпасы болса, екіншісі – шығыста тұрған алып қорғаны. Екі өңірдің де қысы қытымыр, қары қалың. Бізде астық мол, олар – қазба байлықтың мекені. Яғни, Қызылжар өңірі жердің бетіндегі байлығымен мақтанса, Шығыс Қазақстан облысы астындағы кенімен көш басында. Осындай ұқсастығы мен ерекшеліктері бар қос облыстың өңіраралық ынтымақтастық байланысы үстіміздегі жылдың маусым айында басталған еді. Ол кезде шығыс халқы өздерінде өткен Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында Қызылжар өңірінің тыныс-тіршілігімен танысқан. Сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуына мүмкіндік беретін келіссөздер жасалған. Соның нәтижесінде тараптар бірқатар құжаттарға қол қойып, екі жақтың кәсіпорындары жалпы сомасы 60 млн. теңгеден астам қаражатқа келісімшарт жасаған еді. Енді әріптестікті одан да нығайта түсу үшін біздің өңірге шығысқазақстандықтар келді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастаған құрметті қонақтарды өңір басшысы Ерік Сұлтанов қарсы алды. Делегация әуелі Петропавл қаласының маңында орналасқан “Green park” демалыс орнында болып, өңіріміздегі туристік саланың даму барысымен танысты. Себебі, екі өңірдің де мәдени-танымдық туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктері бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар әлемдік туристік нарықта бәсекеге қабілеттілігін көрсете алатын айрықша табиғи-географиялық, климаттық, мәдени-тарихи ресурстары бар. Аққайыңдар өлкесі атанған Қызылжар өңірі де ел назарына әсем табиғаты мен тарихи орындарын ұсына алады. Қос өңірдің өкілдері туризм саласын дамыта алатын мүмкіншіліктері жайын талқылағаннан кейін облыс орталығында орналасқан Спорт сарайына жол тартты.

Меймандар солтүстікқазақстандықтардың көзайымына айналған Спорт сарайының жеңіл атлетикалық манежі мен хоккей кортында болып, жергілікті спортшылардың оқу-жаттығуымен танысты. Шығыс-қазақстандық делегация құрамында Олимпиада ойындарының чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакованың да болғанын айта кеткен жөн.

Спорт сарайында өткен екіжақты кездесуге қос өңірдің түрлі сала бойынша беткеұстар кәсіпорындарының басшылары қатысты. Осы күнге дейінгі ынтымақтастық байланыстың нәтижесі қорытындыланып, алға жаңа міндеттер қойылды.

– Жыл сайын Шығыс Қазақстан облысынан біздің өңірге тасымалданатын өнімнің үлесі – 12 пайыз. Бұлар – автокөлік, ауыл шаруашылығы саласына қажетті тракторлар, ет өнімдері, құрылыс материалдары. Мұндай кездесулер ынтымақтастықты дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Солтүстік Қазақстан өңірі бұл байланысты одан әрі тереңдетуге мүдделі. Өңіраралық байланыс нығайған сайын, облыстардың экономикалық әлеуеті де қарқынды түрде дамитын болады, – деді кездесуді ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

1997-1999 жылдары Қызылжар өңірін басқарған Даниал Ахметов бүгінгі әлеуетімізге таңданысын жасырмады және Солтүстік Қазақстан облысы ол үшін ерекше ыстық екендігін жеткізді. “Бір кездері бірге жұмыс істеп, туыстай болып кеткен адамдар менің әрдайым жүрегімде. Аграрлық, гуманитарлық салаларда әлеуеті мол екі облыстың қарым-қатынасын одан әрі нығайту біз үшін қашан да маңызды. Өңірлер қуатты болса, мемлекеттің де іргесі нық болары сөзсіз”, – деген Даниал Ахметов бүгінгі кездесу өңірлер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі екенін атап өтті.

– Солтүстік Қазақстан облысы агротехниканың үздік үлгілерін көрсетуде. Солтүстікқазақстандық шаруалар әлемдік ауылшаруашылық саласында бәсекеге қабілетті екеніне күмәнім жоқ. Солтүстік Қазақстан облысының индустриялық өндіріс кешені азаматтық қана емес, әскери мақсаттағы өнімді де өндіреді. Шығыс Қазақстан – еліміздің индустриалды орталығы. Біздің өңірде мақтануға тұрарлық инновациялық технологиялар бар. Өңір байланыстарын сақтап, дамыту үшін қазірден бастап инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды екіжақты ынтымақтастық шараларына қосу қажет, – деді Даниал Ахметов.

Екіжақты ынтымақтастықтың болашағы туралы Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Евгений Глотов баяндады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы “Өскемен титан-магний комбинаты” АҚ-мен жылытқыштарды жеткізу жөнінде келісімшарт жасаған. Ал “Мұнаймаш” акционерлік қоғамы “АрбатВостокСервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін шайқау машиналарын шығаруда. “Қазмұнайгазмаш” акционерлік қоғамы “Арм Сауда” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тиекті арматура жеткізуге келісті. Ауыл шаруашылығы саласында маркетинг, брендтеу, бал шаруашылығының дайын өнімін өткізу, күнбағыс дәнін жеткізу бойынша да ынтымақтастық орнаған. Сауда саласын дамытудың да жақсы мүмкіндіктері бар. Жергілікті кәсіпорындар өз өнімдерін Өскемен, Семей қалаларына өткізеді. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысында тұрақтандыру қорын құру мақсатында көтерме саудамен айналысатын кәсіпорындар Шығыс Қазақстан облысының тауар өндірушілерінен өсімдік майын сатып алуда.

Екіжақты ынтымақтастық тақырыбын одан әрі Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік пен индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мүсәпірбеков жалғастырды. Шығыс Қазақстан облысының өндірістік әлеуеті зор екені сөзсіз. Осы орайда Қазақстанның өңірлеріне ғана емес, ТМД елдері мен алыс шетел нарығына шығуға мүмкіндіктері зор облыста өндіріс саласы жалпы өңірлік өнімнің 29,6 пайызын құрайды. Өндіріс көлемі соңғы 10 жылда 2,5 есеге артқан. Осындай әлеуеті зор өңірге өз өнімін сатуға әзір екендігін “Петропавл трактор зауыты” БК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сергей Шинкаренко хабарлады.

– Бүгінгі таңда біз бұл тракторларға егу кешенін жасаудамыз. Бұл жұмыстарды қараша айында аяқтамақпыз. Жыл соңына дейін тағы 10 трактор шығарамыз. Зауыт жылына 100 техника жасауы қажет. Біз өз өнімімізді Шығыс Қазақстан облысына сатуға әзірміз. Еліміздің аграрлық өңірі ретінде бізді, ең алдымен, өнімнің бағасы мен сапасының сәйкестігі, жөндеуге жарамдылығы, кез келген климаттық жағдайда жұмыс істеуі толғандырады. Аталған талаптың барлығына біздің “Батыр” тракторы толық сай, – деді ол.

Еліміз бойынша машина жасауда алдыңғы орында тұрған Шығыс Қазақстан облысының да бізге ұсынар тауары бар. Мәселен, “Daewoo Bus Kazakhstan” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсемхан Досқожановтың айтуынша, олар жылына автобустардың 5 түрін мыңнан астам данамен шығарады екен. Бағасы бойынша қытайлық, ал сапасы бойынша еуропалық автобустармен бәсекелесе алатын көлікпен Қазақстанды толық қамтамасыз етуге болатынын да айтып өтті.

Екіжақты кездесу соңында қос облыстың басшылары Ерік Сұлтанов пен Даниал Ахметов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне бүгінгі жұмыстың нәтижесі жайлы сұхбат берді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі машина жасау саласында тығыз байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

– Өңіраралық ынтымақтастықтың алғашқы қадамдары жасалды, Өскемен титан-магний комбинаты “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамына тапсырыс берді. Ендігі кезекте бұл жұмыстарды әрі қарай жандандыру қажет. Солтүстік Қазақстан облысы үшін тапсырыс қабылдау, ал Шығыс Қазақстан үшін Қызылжар өңірінің кооперацияда жұмыс істегені маңызды. Сондықтан бұл мақсатта облыстар бір-бірін тиімді толықтырып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында сапалы ауыл шаруашылығы машиналары жасалатынын білеміз. Біз мұннан “SAMPO Asia” комбайндарын сатып аламыз, – деді Даниал Ахметов.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі өңірде қуатты ауыл шаруашылығы кластерін құру жоспарланғанын атап өтті. Өңірде трактор, комбайннан бөлек, алдағы уақытта тұқым себетін машиналар да жасалмақ.

– Біз Шығыс Қазақстан облысына өсімдік майын өндіру үшін майлы дақылдарды өткізу мүмкіндігін қарастырудамыз. Шикізатты тасымалдап, кейін олардан дайын өнімді алуды жоспарлап отырмыз. Мал шаруашылығы саласында да іргерілеушілік бар. Біз осы жылы бес жүз бас ірі қара саттық. Екі өңірдің де табысты дамуы үшін қолда бар қор жеткілікті. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деп атап өтті Ерік Сұлтанов.

“Келісім мен жасампаздықтың 25 жылы” ұранымен өткізіліп жатқан Шығыс Қазақстан облысының Солтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет күндері аясында шығысқазақстандық делегация өңіріміздің бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандарын аралады.

Солтүстік өңірмен танысу жұмыстары “Сүт өнімдері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басталды. Серіктестіктің директоры Роза Сүлейменова кәсіпорынның жай-жапсарын баяндады.

– Облысымыздағы сүт өнімдері мен шырынды сусындар шығару бойынша ең заманауи жүйелермен жабдықталған “Сүт өнімдері” зауытының тәулігіне 300 тоннадан астам дайын өнім шығару мүмкіндігі бар. Осыдан үш жыл бұрын серіктестік ауқымды жаңарту жұмыстарын жүргізіп, жаңа технология және құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде майлылығы әртүрлі сүттің 25 түрін жаңа технология бойынша өндіреміз. Біздің зауыттан шыққан өнімдердің сапасы қандай тексерістен өтсе де, күмән тудырмайды, – дейді Роза Әбдіғалымқызы.

Кәсіпорын директорының айтуынша, 18 жылдық тарихы бар іргелі кәсіпорын Германияда жасалған жаңа технологияның арқасында серпінді жұмыс істеп, бүгінде жылына 90 мың тонна дайын өнім шығаратын деңгейге жеткен. Индустриялық-инновациялық даму жолына бет бұрған серіктестікте тауардың 40 аталымы бар. Өндіріс орнында жұмыс толық автоматтандырылған, яғни адами факторлар аз.

Бұған дейін солтүстік өңірге ғана тауар өндіретін кәсіпорын бүгінде Қазақстанның барлық облыстарын қамтуда. Серіктестіктің республика аумағында 18 сауда орталығы бар. Оның ішінде жергілікті сүт өнімі Шығыс Қазақстан облысында да саудаға шығарылады. Сондай-ақ, тауардың сапа көрсеткіші мен сақталу мерзімін ұлғайтудың арқасында тауарларды экспортқа шығару бағыттары кеңейген. Атап айтқанда, жергілікті өнім Ресей Федерациясының Омбы, Новосібір, Екатеринбург, Иркутск және Краснодар сияқты аймақтарына үздіксіз жөнелтілуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында 3 мың тонна өнім экспортталған. Осылайша, серіктестік көршілес мемлекеттің шекаралас қалаларының нарығында да өз орнын тауып отыр.

Кәсіпорынның өндірістік қуатымен танысқан делегация мүшелері “Солтүстік Қазақстанда жасалған” белгісі бар сүт өнімдерінен дәм татты. Серіктестіктің бүгінгі әлеуетіне таңданысын жасырмаған Даниал Кенжетайұлының айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы республикада сүт өндіруден алғашқы үштікке кірсе де, өңірде сүттің 24 пайызы ғана өңделеді екен. Сүт өңдеу кәсіпорындарының 35 пайыздық қуаты ғана игерілгендіктен, сүт өнеркәсібі кәсіпорындарын толық қамту үшін қосымша 100 мың тонна сүт өндіру керек.

Солтүстікқазақстандық сүт өндірісін жоғары бағалаған қадірменді қонақ екі облыстың қарым-қатынасын одан әрі нығайту аясында сүт өндірісі саласында ынтымақтасуға мүдделі екенін жеткізді.

Одан әрі делегаттар тобы “РимКазАгро” ЖШС-іне ат басын бұрды. Қонақтар кәсіпорынның жылдам пісетін кеспелерді, ботқаларды, сорпаларды, картоп езбесін дайындайтын цехында болып, өндіріс барысымен танысты. Серіктестікте 2016-2019 жылдардағы кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жоба аясында 58 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Осы күні шығысқазақстандық қонақтар еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-да болды. Компания экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін мұнай-газ өндірісіне, мұнай-химия және мұнай өңдеуге, энергетика мен темір жолға арналған жабдықтар шығаруға мамандануда. Зауытта қос өңір кәсіпорындарының алдағы уақытта атқарылатын екіжақты ынтымақтастық жұмыстарының жай-жапсары талқыланды.

Делегация мүшелері облыс орталығының 19-шы шағынауданындағы жабық хоккей кортына соқты. Аталмыш нысан 2014 жылы облыс әкімінің бастамасымен пайдалануға берілген. Кешен ашылған күнінен бастап балалар мен жасөспірімдерден босап көрген емес. Жеткіншектер мұнда маусымға қарай хоккей, шағын футбол, баскетбол және волейбол ойнау мүмкіндігіне ие.

Қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Валерий Евдокименконың айтуынша, Петропавлда мұндай үш нысан бар болса, жыл соңына дейін тағы біреуі салынбақ. Алдағы уақытта облыс орталығында мемлекеттік және жекешелік әріптестік аясында әмбебап теннис орталығы мен бюджет қаражатына жабық футбол кешенін тұрғызу жоспарланған.

Хоккей кешенінде жергілікті балалардың ойынын тамашалаған Даниал Ахметов өз аймағында да мұндай қолжетімді нысандарды салу қажеттігін, сондай-ақ, нысанның құрылысында қолданылған материалдарды тауарлы-сүт фермаларын салу барысында да пайдалануға болатындығын айтты. Сөйтіп, Шығыс Қазақстан облысы алдағы уақытта өңірімізден бірнеше жабық хоккей кортын сатып алуға қызығушылық танытты.

Облысымызға іссапарының үшінші күні Даниал Ахметов бастаған топтың назарынан Қызылжар ауданындағы кәсіпорын шығарған сүт өнімдері де тыс қалған жоқ.

Бүгінгі таңда жергілікті кәсіпорындар өздерінің өнімдерін республикамыздың аумағында ғана емес, сонымен бірге одан тысқары жерлерде де өткізуде. Атап айтқанда, Новоникольское ауылындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі бір ауысымда 50 тонна шикізатты қайта өңдейді. Сүт өнімінің 34 түрін шығаратын зауыт күн сайын өнімінің 30 тоннасын Астанаға жөнелтеді. Серіктестік бүгінде Ресейдің Қорған облысының нарығына өнім шығаруда.

Сондай-ақ, бұл шаруашылықта да сүт өңдеу жақсы дамып келеді. Коммандиттік серіктестікте 75 млн. теңгенің екі мал кешені бар. Сүт фермаларында күніне 20 тоннаға жуық өнім алынады. Көрсеткішті 35 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Серіктестік еуропалық стандарттарға сай 30 түрлі сүт өнімдерін шығарады. Осылайша, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі шекаралас облыс тұрғындарын аптасына үш рет 2,5 тонна экологиялық таза әрі табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Сонымен қатар, осы шаруашылықта жел қуатын пайдаланатын құрылымдар іске қосылған. Нәтижесінде олар шаруашылықтың энергетикалық сұраныстарын толық қамтамасыз етуде. Серіктестік жыл соңына дейін Новоникольское ауылында дәрігерлік амбулатория мен бассейнді пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Шығыс Қазақстан облысының мәдениет күндері Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған “Алтын Алтай” гала концертімен түйінделді.

Шұғылалы шығыстан әсем ән мен күмбірлеген күй болып жеткен сазды әуен кешіне қос облыс әкімдері Ерік Сұлтанов пен Даниал Ахметов келді. Құрметті қонақтар алдымен Шығыс Қазақстанның бірнеше мұражайлары бірігіп ұйымдастырған “Шығыс Қазақстанның суретшілері. Уақыт портреттерінің ерекшеліктері” және “Үлкен жолдың кезеңдері” атты көрмелерді тамашалады. Тарихтан сыр шерткен кең ауқымды шараға он саусағынан өнер тамған суретшілердің қылқаламынан шыққан елуден астам шығармалары мен мыңға жуық түрлі ұсақ бұйымдары қойылыпты.

Гала концерт Ұлы Абайдың “Желсіз түнде жарық ай” атты әнімен басталды. “In Coro” вокалды тобы орындаған шығарма көрермендердің көңілінен шығып, әр жүректі жылылыққа бөледі. Күміс көмей әншілер Перизат Тұрарова, Гүлдана Ноғайбаева, Алтын Смасеитова қазақтың ұлттық әндерінен попурри орындап, кештің ажарын аша түсті.

“Жастар” хореографиялық ансамблімен бірге “Алға, Қазақстан!” әнін орындаған Дәурен Әбенов бұл кеште қалың қауымның ерекше ықыласына бөленді. Патриоттық сезімге бөленген дүйім жұрт сол сәтте аяқтарынан тік тұрып, тәуелсіз еліміз, туып-өскен ұлан-байтақ жеріміз, желбіреген көк туымыз жайында шырқалған әнге қосыла кеткенде әр жүректің лүпілі туған жерге деген махаббаттан нәр алып, айналаға жылы шуақ болып шашылғандай әсерге бөледі. Орыс-қазақ әндерін нақышына келтіре орындаған “Ладушки” ансамблінің мүшелері сахнадан түсіп, залда отырған көрермендермен бірге ән айтып, би билегенде киелі шаңырақтың іші тіпті нұрланып кетті.

Өскемендік өнерпаздардың гала концертінде солтүстікқазақстандықтар ұлттық өнерден сусындап қана қоймай, шетелдің әндерін де тыңдап, би әлеміне саяхат жасап, сахнада түрлі спорттық қозғалыстар көрсеткен акробаттардың ширақ қимылдарына тәнті болды.

Достықты, бірлікті, өзара татулықты жалау еткен концерттік бағдарлама соңында екі өңір басшылары Ерік Сұлтанов пен Даниал Ахметов атынан кенді Алтайдың өнер жұлдыздарына ықылас гүлдері ұсынылды.

Тамаша концерттен рухани азық алып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленген жерлестеріміз өскемендік өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болып, аяқтарынан тік тұрып қол соғып, қошемет көрсетті, құшақ-құшақ гүлдерімен бірге шын жүректен шыққан ақ тілек пен лебіздерін де жеткізді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

Қанат АТАМАНОВ,

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсіргендер

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp