Солтүстік Қазақстан облысында биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 3 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерьлерінде тегін демалады. Осы мақсатқа бюджеттен 78,5 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде балалардың 12 жазғы лагері бар. Биыл бұл демалыс орындары 7 мыңға жуық оқушыны қабылдамақ. Оның жартысына жуығы тегін демалады.
«3081 оқушы лагерьлерде тегін демалады. Олар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. Бұл мақсатқа бюджеттен 78 млн 586 мың теңге бөлінді. Оның 10 млн теңгесі ПТР тест тапсыруға жұмсалады. Биылғы ерекшелік – лагерьде демалатын балалар міндетті түрде ПТР тест тапсырулары керек. Лагерьге жолдаманы сатып алатындар оны өз қаражатына өтеді», – дейді СҚО білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.
Балалардың жазғы сауықтыру лагерьлері өңірде 15 маусымнан бастап демалушыларды қабылдайды. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 5 ауысым болады деп жоспарланған. Жолдама құны 18-38 мың теңге аралығында. Ал демалыс лагерьлерінде жұмыс істейтін дәрігерлер міндетті түрде вакцинациядан өтулері тиіс.
«Осы күнге дейін ұстаздардың 60 %-ы коронавирусқа қарсы екпе алды. Демалыс лагерьлеріне қабылданатын балалар саны өңірдің эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына тәуелді болады. Егер «жасыл» аймақта болсақ 1400 бала қабылданады. «Сарыға» өткен жағдайда – 700, ал егер «қызылға» көшсек 420 бала ғана лагерьге барады», – дейді Гүлмира Кәрімова.
Бұдан басқа СҚО-дан 30 оқушы «Бурабай» республикалық оңалту орталығында денсаулығын түзеп, демалмақ. Ал 750 бала Петропавлдағы «Солнечный» шипажайына жіберіледі.
«1 маусымнан бастап 45 мың бала үшін мектептерде демалыс алаңдары ұйымдастырылады. 18 мыңнан астам бала үшін 351 білім ордасында жазғы мектеп жұмыс істеп жатыр. 97 палатка лагері құрылып, өңірдегі 312 клуб мүшелері облыстың сакралды орындарына экспедицияға шығады. Оқушылар сарайында әдеттегідей Жазғы академия жұмыс істейді», – дейді басқарма басшысы.
https://www.inform.kz/