Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдай нашарлап, коронавирус жұқтырғандар саны 1,6 есе, яғни 135-тен 224-ке дейін өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен тәулікте өңірде коронавирус жұқтырудың жаңа 39 жағдайы тіркелді.
Ауырғандардың 20-сы Петропавлда анықталған.
«Соңғы аптада ауру 135-тен 224 жағдайға дейін, 1,6 есе өсті. Сырқаттанғандардың 81 %-ы ауырып түскен. Аурудың өсуіне мамыр мерекелерін тойлау кезінде әлеуметтік байланыстың артуы, халықтың карантиндік шараларды сақтамауы себеп», – дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Жалпы облыста барлығы 14,5 мың адам КВИ жұқтырды. Оның 59 %-ы медициналық көмекке жүгінген адамдар арасында тіркелген. 25 %-ында ауру адаммен байланыста болғандардан анықталды. 16 %-ы профилактикалық тексеру кезінде тіркелді.
«Коронавирусқа қарсы вакцинация жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 70 217 адам бірінші компонентін, 35 117 адам препараттың екі компонентін алды. Тұрғындар соңғы кезде тәртіпті ұмытып, қоғамдық орындарда маска тағуды, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауды қойды. Соның салдарынан инфекция тарай бастады. Вакцинацияның нәтижесі бар. Бірақ, әлі иммунитет қалыптастырып үлгерген жоқ. Сол себепті ойын-тойларды өткізбеуге, адам көп жиналған орындарға бармауға, қолды жиі жуып, маска тағып жүруге кеңес береміз», – дейді Әсет Жұматаев.
СҚО-да бүгін бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты. 27 мамырдан бастап өңірде карантиндік шектеулер қайта күшейтіледі.
https://www.inform.kz/