«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДЕ ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛДІ

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың облыс тұрғындарына үндеуін назарларыңызға ұсынамыз.

  Құрметті жерлестер!
 Еліміздің барлық аймақтарында коронавирус инфекциясын жұқтыру фактілері тіркеліп отыр. 8 қалада карантин режімі енгізілді. Басқа қалаларда да жұқпалы індеттің таралуын болдырмау, алдын алу шаралары күшейтілді.
  Қазақстан бойынша күделі жағдай қалыптасып отырғанын ескере отырып және тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатымен 1 сәуірден бастап облыс аумағында тиісті шектеу шаралары енгізілгенін мәлімдеймін. Басты бағыттар бойынша Петропавл қаласының айналасына блок постар қойылады.Аса қажеттілік болған жағдайда ғана кіріп-шығуға рұқсат беріледі. Тиісті құжаттар тексерілумен қатар санитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтеріне қатысты сауалнама жүргізіледі. Блок постардың міндеті – жұмысқа, ауруханаға бару, жедел, тағы басқа мәселелер бойынша жүріп-тұруды шектеу, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
  Облыс аудандарында да жүріп-тұруды шектеу үшін карантиндік бекеттер барынша күшейтіледі. Аса қажетті жағдайларда ғана тұрғындардың жүріп-тұруына рұқсат етіледі. Басқа себептер, оның ішінде отбасылық тойлар мүлдем шектелуі тиіс.
Қала әуежайы жабылды. Теміржол вокзалдарында пойыздарға билет сату тоқтатылды. Тек 27 наурызға дейін билет алған жолаушылар ғана қабылданады. Бұл шаралар – ескертпе емес, төтенше жағдайға байланысты мүлтіксіз орындалатын талаптар болуы тиіс. Шешімдердің жүзеге асуын полиция қатаң түрде қадағалайды.
Ең бастысы, әр адам қоғамдық орындарда көбірек болса, қауіпті кеселді жұқтыру ықтималдығы соғұрлым зор екенін жан-тәнімен сезіп, жауапкершілік жүгін қатаңдатуы керек.
Барлық балабақшалар жұмыс істемейді. Жасы 65-тен асқан адамдардың үйден шықпағаны жөн. Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайтынын, кемі екі метр арақашықтықты ұстауын, балалар тек үлкендермен жүруін айрықша ескертемін.
Мемлекеттік мекемелер, емдеу орындары, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер қалыпты режімде жұмыс істейді. Қалған ұйымдар мен кәсіпорындар мүмкіндігінше қашықтық режіміне ауысқандары абзал. Тамақтандыру орындары тамақ, азық-түлік өнімдерін жеткізу режімінде жұмыс істеуі ықтимал. Ал, банк, пошта бөлімшелері адамдардың кезегін бесеуден асырмау, екі метр арақашықтықты сақтау, тағы басқа талаптарды мүлтіксіз орындаулары қажет. Қоғамдық көліктер таңғы 7-ден кешкі 20-ға дейін істейтін болады. Дезинфекциялық тазалық шаралары күшейтіліп, барлық қоғамдық орындар, алаңдар, тротуарлар, сауда нүктелері қамтылады.
Құрметті жерлестер!
Коронавируске қарсы күресте уақытпен санаспай жанқиярлықпен еңбек етіп жатқан ақ халатты абзал жандар қандай да құрметке лайық. Президенттің тапсырмасымен қауіпті індет ошақтарында жүрген медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі. Бұл санаттағылар вирус жұқтыру тәуекелі бойынша үш топқа іріктеліп, инфекциялық стационарлардың дәрігерлеріне, аға, кіші буын медицина қызметкерлеріне ең төменгі еңбекақының 20 еселенген көлемінде, яғни 850 мың теңге төленеді. Провизорлық стационарлар мен «жедел жәрдем» дәрігерлері мен аға, кіші буын медицина қызметкерлеріне 425 мың теңге, карантиндік стационарларда жұмыс істейтіндерге және «жедел жәрдем» жүргізушілеріне 212 мың мың теңге төленеді.
Адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған шектеу шаралары талаптарын мүлтіксіз орындау бәріміз үшін басты міндет болуы тиіс.


Құмар АҚСАҚАЛОВ,
облыс әкімі.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp