«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірде үш күн ішінде 11 пәтер ұрлығы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында «Пәтер» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Операцияның үш күнінде 11 пәтер ұрлығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, саяжайларынан оралған петропавлдық ерлі–зайыпты үйлеріне ұры түскенін байқаған. Біреулер кіреберістегі жоғары құлыпты бұзып, екіншісін майыстырып, баспанаға кірген. Үйден 70 мың теңге ақша жоғалғанын анықтаған пәтер иелері, бірден полицияға хабарлаған.

Жедел уәкілдер күдіктіні «ізін суытпай» ұстады. Ол бұрын сотты болған 40 жастағы облыс аудандарының бірінің тұрғыны болып шықты. Қылмысты тез ашуға көпқабатты үй кіреберісінде орнатылған бейнекамералардың көмегі тиген.

«Пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары қала көшелеріне шығып, сауда орталықтарында, үйлердің аулаларында тұрғындармен кездесіп, пәтер ұрыларынан қалай сақтануға болатыны жайлы ұсынымдар жазылған брошюралар таратты. Қарапайым кеңес: берік құлып орнату, үйден шыққанда терезелер мен есікті жауып кету және көршіге пәтерге көзінің қырын сала отыруды тапсыру.

«Дабылдар мен бейнекамераларды орнатудың нәтижесі бар. Бұл құралдар пәтер ұрлықтарының алдын алуға және оны жылдам ашуға тиімді. Мамырдың 19-21 аралығында өткен операция кезінде бұрын жасалған осындай 11 қылмыс ашылды, оның 2-і «өткен жылдар» санатындағы. Тағы екі ұрлықтың «ізі суымай» ашылды. Облыста жыл басынан осы сияқты 227 қылмыс тіркелді, бүгінгі күні оның 134-і ашылған», – деп хабарлайды криминалдық полиция басқармасының бастығы Пётр Климов.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp