«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірде 71 мыңнан астам адам вакцина салдырды

Солтүстік Қазақстан облысында 71 мыңнан астам адам коронавирус вакцинасын салдырды. Солардың 38 мыңы екпенің толық курсынан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Инфекционист-дәрігер Ғалия Сыздықова Петропавлдағы №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімінде еңбек етеді. Коронавирус инфекциясы өршіген кезде, стационарларға түскен сырқаттарды қабылдап, бел ортасында жүрді.

Дәрігердің айтуынша, ең алғаш инфекциялық бөлімге жатқызылған науқастарда ауру белгілері болмаған.

«Алғашқы сырқаттарымыз ауырған жоқ, тек вирус жұқтырғанын растайтын ПТР тесттері ғана болды. Өткен жылдың маусым айынан бастап науқастар ауыр халде түсе бастады. Басында бойымызды үрей биледі. Өйткені не істейтінімізді, қалай емдейтінімізді білмедік. Ал, шілде айында науқастардың көп болғаны сонша, жатқызатын орын таппай қалдық», – дейді Ғалия Сыздықова.

Инфекционистер бірінші болып коронавирусқа қарсы екпе алды. Бүгінде дәрігерлердің басым бөлігі вакцинацияның толық курсынан өтті.

«Инфекцияны жеңу үшін адамның иммунитеті мықты болуы керек. Адамдар вакцина вирусты жеңбейтінін түсінуі керек, ол иммунтетті жақсартады, антидене қалыптастырады. Сондықтан қазіргі уақытта екпе алу ең дұрыс шешім деп ойлаймын. Азаматтар тек өздерін ғана емес, жақындарын, туған-туыстарын, айналасындағыларды ойлауы қажет», – дейді дәрігер.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста 71 448 адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін, 37985 адам екі компонентін салдырды. Соның ішінде 2 мыңы қазақстандық, 5,5 мыңы Біріккен Араб Әмірлігінің вакцинасы болса, қалғаны «Спутник V».

Жалпы СҚО өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес 24 мамырдан бастап «сары» аймақта.

Өткен тәулікте облыста КВИ жұқтырудың жаңа 40 жағдайы тіркелді. Инфекциялық стационарлар бүгінде 34 %-ға толық. Ем алып жатқандардың 18-інің жағдайы ауыр.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp