«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ ДАМУЫ ТҰРАҚТЫ

Өңірімізде сәуір айында карантин жарияланып, көптеген нысандар жұмысын тоқтатқанымен, жалпы даму көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден төмендемеген. Тек азық-түліктің бағасы 4,8 пайызға қымбаттап, басқа тауар түрлері мен ақылы қызметтердің құны 1,5 пайызға артқан. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттің кірісі мен шығыс бөлігінің орындалу барысы талқыланды.

Облыстық экономика басқармасының басшысы Арсен Қазыбеков сәуір айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 18,1 пайызға, өнеркәсіп өндірісі – 7,2 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 3,2 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,2 пайызға, тұрғын үй салу 0,5 пайызға артты дегенімен, бөлшек сауданың көлемі 8,3 пайызға төмендеген. Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі төрт түліктің арқасында 2,2 пайызға артып, 40, 3 млрд. теңгені құрағанымен, құс санының 3,4 пайызға азаюына байланысты жұмыртқа өндірісі кеміген. Қызылжар ауданындағы құс фабрикасында өндіріс көлемінің азаюы бұл салаға өз салқынын тигізіп отыр. Ірі қара – 3,7 пайызға, қой-ешкі – 4,5, шошқа – 15,7, жылқының саны 7,6 пайызға өскен. Өріс кеңейгендіктен, ет пен сүт өндірісі де артты.

Осындай өсім өнеркәсіп, өңдеу, құрылыс саласында да байқалды. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 55,6 млрд. теңгені құраған. Өңірімізде карантинге қарамастан 6604 адам жұмысқа орналасып, 2696 жаңа жұмыс орны ашылса, 4 мыңнан астам тұрғын нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасының шарапатын көрді.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант жергілікті бюджеттің кіріс жоспары артығымен орындалып, ал шығыс бөлігі 98 пайызға игерілгенін айтты. “Сәуірде қатаң карантин режімінде жұмыс істедік. Көптеген күнделікті шаруаларға шектеу қойылды. Жоспарланған жұмыстар уақытша тоқтатылды. Бұл елдің де, өңірдің де экономикасына әсер етті. Қазір карантин режімі кезең-кезеңмен жеңілдетілуде. Енді жыл басында белгіленген жоспарларды толық орындауға мүмкіндігіміз бар. Өңір экономикасының дамуында оң серпін байқалады. Карантин режімі жарияланған кезде де негізгі кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының жұмысы тоқтаған жоқ”, – деген Құмар Ақсақалов әр сала бойынша нақты тапсырмалар берді.

Көптен бері ісі өрге баспаған машина жасау саласында 28 пайыз өсімге қол жеткізілген. Бұл – тапсырыс берушімен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Мәселен, “ЗИКСТО” зауыты жыл басынан бері 1,8 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Ал алдағы уақытта 15 млрд. теңгенің тапсырысын орындауы керек. Тарап кеткен жұмысшыларын қайта шақыртып, еңбекақыны 20 пайызға көтеріпті. Ал Петропавл ауыр машина жасау зауыты тек мемлекеттік тапсырысқа ғана иек артып отыр. Нарықтың сұранысына дұрыс бейімделе алмаған зауыт сол тапсырысты да уақытында орындай алмауда. Осыған қынжылыс танытқан өңір басшысы алдағы уақытта жүзеге асырылар бірқатар инвестициялық жобаларға тоқталды.

Биыл өңірімізде құрылыс қарқыны жоғары. Осы орайда облыс әкімі тұрғындар құрылыс барысын және нысандарды жөндеу жұмыстарын қадағалап отыруы үшін әр жоба бойынша апталық кесте әзірлеуді тапсырды. Егер мердігерлер жоспарланған жұмысты уақтылы істемесе, келісім бұзылады. Сонымен қатар өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң көрсеткіштер тұрғындардың әлеуетін жақсартып, барлық салада еңбек етіп жүргендердің табысын арттыруы тиіс екенін еске салды. Осы орайда барлық аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы құрылымдарында еңбек етіп жүргендердің еңбекақысы кем дегенде 20 пайызға дейін көтерілуін қадағалауды тапсырды.

Әкімдік отырысы барысында өңірімізде коронавирусқа байланысты жағдай тұрақты екені айтылды. 18 мамырдан бастап облыс орталығының айналасындағы полиция жасағы алынғанымен, санитарлық-карантиндік бекеттер өз жұмысын жалғастырады. Ресейден өңірімізге 89 адам келеді деп күтілуде. Олардың 25-і – солтүстікқазақстандықтар. Арасында қауіпті індетті жұқтырғандар болса, тиісті шаралар жүзеге асырылатынын тілге тиек еткен өңір басшысы алдағы күндері дәмхана, мейрамхана, демалыс және туризм орындары ашылатынын да жеткізді.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp