
Алдымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІІ сессиясы өткізіліп, онда Президент Әкімшілігінің Басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс әкімінің лауазымына Құмар Ақсақаловтың кандидатурасын ұсынғаны туралы хатын оқып берді. Халық қалаулылары Мемлекет басшысының ұсынысын бірауыздан қолдады.
Бұдан кейін жаңа өңір басшысы облыс активіне таныстырылды.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ерік Сұлтановты басқа жұмысқа ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Осыған сәйкес Елбасы облыстық мәслихаттың келісімімен Құмар Іргебайұлы Ақсақаловты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындады. Құмар Іргебайұлының жұмыс тәжірибесі мол. Еңбек жолын кеңшарда бас инженер болып бастап, ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқарды. Қостанай облысының Меңдіқара, Таранов аудандарының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды. “Нұр Отан” партиясында орталық аппарат басшысы, партия хатшысы лауазымдарында қызмет атқарды. 2015 жылдан осы күнге дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып еңбек етті. Құмар Іргебайұлы өңірлерде жұмыс істеп, зор тәжірибе жинақтаған. Елбасы жаңа әкім артылған жауапкершілік үдесінен шығып, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтынына және Сіздердің қолдау танытатындарыңызға сенім білдірді, – деді Әділбек Жақсыбеков.
Осы күнге дейін өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында бірқатар жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етіп, Елбасының атынан Ерік Сұлтановқа жемісті еңбегі үшін алғыс айтқан Президент Әкімшілігінің Басшысы актив назарын Жолдаудан туындайтын міндеттерге аударды. Президент Қазақстан жұртшылығы алдына бес негізгі басымдықты еңсеру талаптарын қойғанын айта келіп, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, аграрлық сектор, шағын және орта бизнес салалары бойынша үйлесімді іс-әрекет, белсенді қимыл жасауға шақырды.
Ал облыстың тізгінін алған Құмар Ақсақалов өзіне көрсетілген сенім үдесінен көрініп, адал қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
– Мен Елбасымыздың көрсеткен зор сеніміне алғысымды білдіремін. Осы жерде отырған біраз азаматтарды білемін. Көпшілігін бұрыннан бері танимын. Біз Елбасының халықтың игілігі мен өңірдің дамуы үшін алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын орындауға бір кісідей атсалысуға әзірміз, – деді облыстың жаңа басшысы.
Өз кезегінде Ерік Сұлтанов үш жылға жуық еңбек еткен уақыт ішінде өзіне қолдау көрсеткен солтүстікқазақстандықтарға ризашылығын білдіріп, Құмар Ақсақаловқа сәттілік тіледі.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.